Кімде-кім жақсы-жаман ғибадат қылып жүрсе, оны ол ғибадаттан тыюға аузымыз бармайды, әйтеуір жақсылыққа қылған ниеттің жамандығы жоқ қой дейміз. Ләкин, сондай адамдар толымды ғибадатқа ғылымы жетпесе де, қылса екен. Бірақ оның екі шарты бар, соны білсе екен. Әуелі - иманның иғтиқатын махкамлемек керек, екінші - үйреніп жеткенше осы да болады ғой демей, үйрене берсе керек. Кімде-кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса, оны құдай ұрды, ғибадаты ғибадат болмайды.