
Бүгін, Республика күні мерекесінде Қостанай қаласында биіктігі 45 метр тутұғырдың ашылу рәсімі және көк байрағымызды көтеру салтанаты өтті.
Ұлттың ұлық мерекесін Тобыл жұртшылығы ерекше оқиғалармен қарсы алып отыр. Солардың бірі – көк зеңгірге шаншылған тутұғырдың ашылу рәсімі. Тарихи сәтті тамашалауға қала тұрғындары жиналып, маңызды іс-шараны патриоттық рухпен өткерді. Мемлекеттік Ту зау биікте желбіреп, Әнұранымыз әуеледі. Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жерлестерін Республика күнімен және жаңа нысанның бой түзеуімен құттықтады.
— «Бүгін Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен Ту көтеру рәсімі өтті. Ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығында Қостанайда мемлекеттік символымызға арналған тутұғыр орнатылып отыр. Кең байтақ еліміздің әр өңірінде өтіп жатқан осы салтанатты іс-шараның мәні ортақ – егемен еліміздің бірлігін, болашаққа деген сенімін паш ету. Азаттық жылдарында шекарамыз бекіп, экономикамыз қалыптасты. Халықаралық қауымдастықтағы орнымыз нығайды. Ендігі міндет – осы жетістіктерді еселеп, мемлекетімізді жаңа сапалық деңгейге көтеру. Мемлекеттік Ту бізге Отанымыздың ортақ екенін, мемлекет алдындағы жауапкершілігіміздің ортақ екенін еске салады. Бүгін Қостанай аспанында асқақтай желбіреген байрағымыз бейбітшілік пен гүлденудің символы болып, бізді жаңа шыңдарға жетелей берсін!» – деді облыс әкімі.
Нысанның жалпы биіктігі – 45 метр. Астыңғы бөлігі, яғни стелласы – 4,5 метр. Мұнда Әнұран мәтіні мен диаметрі бір метрлік Елтаңба орнатылған. Ал көк байрақтың көлемі – 5*10 метр. Сондай-ақ нысан түнгі жарықтандыру құрылғыларымен қамтылған. Тұғырдың өзі де, ту да түн мезгілінде жарқырай көрініп, алыстан менмұндалап тұрмақ.
— «Жобаның жалпы құны – 101 млн теңге. Құжаты биыл әзірленіп, тамыз айында сараптама мақұлдауын алдық. Құрылысын «РдныйСоколовСтрой» АҚ жүргізді. Тутұғыр Қарағандыдан тапсырыспен әкелінді. Нысан құрылысы екі айға жетер-жетпес уақытта аяқталды», – деп мәлімет берді қалалық Құрылыс бөлімінің басшысы Арсайын Байдәулетов.
Облыстағы ең биік тутұғыр – расында рухты биіктетіп, еңсені көтеретін ерекше нысан. Түбіне жиылған жұртты жергілікті өнерпаздар жалынды әуен-сазбен жігерлендіріп, көптің көңілін байрағымызбен бірге көкке көтерді. Іс-шара барысында Республика күні және Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай, адал еңбегі, жоғары кәсіби шеберлігі және өңірдің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азамат Қостанай облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ



























