Бүгін әйгілі жыршы-жырау, фольклор зерттеушісі, оқу-ағарту ісінің үздігі, ҚР Мәдениет қайраткері Алмасбек Алматов Қостанай облысының өнерпаздарына шеберлік сабағын өткізді.
Қазынакеуде тұлға Тобыл өңіріне Нұржан Наушабайұлы атындағы "Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен" атты ІІ республикалық жыр-терме, дәстүрлі ән байқауына арнайы шақыртылып, қазылар төрағасы болған еді.
Байқаудың жалғасы ретінде Алмасбек Алматов өңір өнерпаздарымен тәжірибе бөлісу жиынын өткізді. Ұлт мұрасының асыл кені іспетті, білігі ұшан-теңіз қайраткер бай қазынасынан енші үлестірді.
Шеберлік сабағына облыстық, республикалық сахналарда өнер көрсетіп жүрген өңір мақтаныштары, әнші-жыршылар, айтыскерлер қатысты.
Атап айтқанда, Талғат Молдағалиев, Жанат Мінайдар, Әбдірахман Алпыс, Батырлан Сағынтаев және Мұрат Нағашыбай даңқты тұлғадан көл-көсір тәлім алды.
Қатысушылардың барлығына сертификат берілді. Сондай-ақ, байқауға төрелік етіп, шеберлік сағатын өткізіп, Тобыл төріндегі мәдени іс-шараға ардақты уақытын бөлген ұлт өнерінің өрелі майталманы Алмасбек Алматовқа облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақовтың және облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығы ұжымының атынан ықылас-құрмет белгісі ретінде Алғыс хат табыс етілді.