
Айтыс өнерінің ақтаңгері, «Алтын домбыра – 2025» иегері, филология ғылымдарының кандидаты Айбек Қалиевке кіндік қаны тамған Тәуіш ауылында құрмет көрсетілді.
Сарысу ауылына жоспарланған мәдени кештің Тәуіш ауылында ұйымдастырылуы – ауыл тұрғындарына рухани сусын сыйлап, туған жерден шыққан талантты тұлғаны ұлықтаудың жарқын көрінісі болды.
Әуелі ауыл ақсақалының ақ батасымен басталды.
Кеш қонағын ауыл жұртшылығы ерекше ықыласпен қарсы алды. Сарысу негізгі орта мектебінің оқушылары ақынға арнаған өлеңдерін оқып, жас ақын Таңжарық Байбатырұлы жүрекжарды жырын арнады.
«Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында мәдениет клубы үйінің алдына ағаш көшеттері отырғызылып, туған жердің көркеюіне үлес қосуға бағытталған игі бастама жүзеге асты.
Кештің шымылдығын ақын, журналист Абылай Маудановтың әсерлі прологы ашты. Сондай-ақ ақын, журналист Мұхарбек Жәкейұлының арнайы бейнеқұттықтауы көрсетіліп, ақынға деген ізгі тілегі көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Облыстық көркемөнерпаздар орталығының маманы Мұрат Нағашыбай Айбек Қалиевпен еркін форматта сыр-сұхбат өрбітті. Ақынның отыз жылға жуық шығармашылық жолы, айтыс өнеріндегі жетістіктері, «Алтын домбыра – 2025» жеңісі, балалық шағы мен туған жерге деген сағынышы сөз болды. Жеңіс символына айналған Алтын домбырасын ала келуі де кештің ерекше сәттерінің бірі болды. Бүгінгі айтыстың бағыт-бағдары, ақынның азаматтық ұстанымы, ғылым мен ұстаздық жолы да кеңінен қозғалды. Көрнекті ғалым Рымғали Нұрғалиевтен алған тәлімі мен «Торғай ақындарының дәстүрлі поэзиясы» тақырыбындағы зерттеулері туралы әңгімесі тыңдарманға танымдық әсер берді.
Жас ұрпақтың өнерге деген талпынысы да назардан тыс қалмады. Сарысу негізгі орта мектебінің оқушылары Асылым мен Мәди сахна төрінде айтыс өнеріндегі алғашқы қадамдарын көрсетіп, көрерменнің ықыласына бөленді. Ақын ағалары жас талапкерлерге ақ батасын беріп, өнер жолына сәттілік тіледі.
Кештің көркін Шамқал Жағалбайұлының орындауындағы «Сарыалқауға сағыныш» әні мен облыстық филармония өнерпаздарының музыкалық тартуы аша түсті. Әсіресе, сөзі Айбек Қалиевке, әні Бағдат Оспановқа тиесілі «Торғай дастан» және «Қазақстан» әндері көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады.
Аудан әкімінің орынбасары Гүлмира Ұзаққызы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тойғанбол Нұрханов, ұлағатты ұстаз Жұпаркүл Батырханқызы, өнер жанашыры Ғабит Көдебайұлы және өзге де азаматтар ақынға ақжарма тілектерін арнады.
Жаркөл ауылдық округінің әкімі Бақыт Қабдырашұлы Айбек Қалиевке, Мұрат Нағашыбайға және ақын, өлкетанушы Батырлан Сағынтаевқа алғыс хаттар табыстап, дәстүрлі шапан жапты. Ал ауыл ақсақалы Жүке Шөптібай ақ батасын беріп, көпшіліктің ыстық ықыласын жеткізді.
Әсемгүл Талғатқызы,
Сарысу ауылдық кітапханасының кітапханашысы






