Отбасы құндылығы, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, өмірлік таңдау. Адамзатқа ортақ осы тақырыптар Федоров ауданындағы «Жаркөл» көркемөнерпаздар театрында сахналанған «Тағдыр» музыкалық қойылымына арқау болды. Театр ұжымы көрермен көкейіне қандай ой салғысы келді?
«Тағдыр» қойылымында күнделікті отбасылық қарым-қатынас пен өмірлік таңдау мәселесі қозғалады. Бір жағында баласына жақсылық тілеп, болашағына алаңдайтын ата-ана болса, екінші жағында өз жолын өзі таңдауға ұмтылған бозбала тұр. Осындай сәтте қос тарапқа да түсіністік пен сенім қажет. Қойылым жақындардың бір-бірін тыңдап, таңдауына құрметпен қараудың маңызын ұғындырады. Ал спектакльді дайындауға небәрі екі апта уақыт кеткен.
Қойылымдағы басты кейіпкер Қайраттың рөлін Тасқын Әжібай сомдайды. Онымен бірге сахнаға мәдениет үйінің қызметкерлері мен аудан оқушылары шықты. Ұжым үшін «Тағдыр» – үшінші көлемді қойылым. Бұған дейін олар Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» шығармасын сахналап, «Енелер мен келіндер» спектаклін көрерменге ұсынған. Театр әртістері кәсіби маман болмаса да, сахнаға деген ықыласы мен еңбегінің арқасында көрерменге ой салуды мақсат етеді.
Музыкалық қойылымда ән мен актерлік ойыннан бөлек, би де ерекше маңызға ие. Қимыл-қозғалыс кейіпкерлердің көңіл күйін жеткізіп, сахнадағы оқиғаның әсерін күшейтеді. Әр бидің қойылым мазмұнымен үйлесуі аса маңызды. Бұл міндет хореографқа жүктелген.
Көрермен сахнадағы оқиғаны тамашалағанымен, оның мінсіз өтуіне шымылдық сыртындағы мамандар да үлес қосады. Дыбыс режиссері микрофондардың жұмысын қадағалап, музыка мен фонограммаларды қажетті сәтте қосады. Театрда әрбір дыбыстың өз уақыты бар. Сондықтан техникалық әзірлік пен сахнадағы әрекеттің үйлесуі қойылымның сапасына тікелей әсер етеді.
Жаркөл театрының жұмысы сахналық қойылымдармен шектелмейді. Ұжым ауданның мәдени өміріне араласып, тұрғындардың өнерге деген қызығушылығын арттыруға үлес қосып келеді. Ал көрермен үшін мұндай кештер – жерлестерінің өнерін тамашалап, жақындарына қолдау білдіруге берілген мүмкіндік.
Екі апталық дайындықтың нәтижесінде көрерменге жол тартқан «Тағдыр» қойылымы – бір ұжымның шығармашылық ізденісі ғана емес, адамды адамға жақындататын құндылықтар туралы әңгіме. Отбасыдағы сенім, ата-ананың қолдауы мен баланың таңдауына құрмет – уақыт өткен сайын маңызын жоғалтпайтын тақырыптар. Ал сахнада басталған оқиға көрерменге ой салып, жақындарын тереңірек түсінуге жетелейді. Өнердің де көздегені – сол.
