
Республика күні қарсаңында Қарабалық аудандық мәдениет үйінің жаңартылған ғимараты салтанатты түрде ашылды. Бұл іс-шара «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаеваның ауданға сапары аясында өтті.
Қордың қолдауымен мекеменің техникалық инфрақұрылымы айтарлықтай жаңартылды. Қазір мұнда заманауи дыбыс, жарық құрылғылары және көрнекі жабдықтар, жаңа музыкалық аспаптар, бейнетехника, сондай-ақ LED-экран бар. Бұл өзгерістер жаңа шығармашылық мүмкіндіктерге жол ашты. Дыбыс жазу және вокал студиялары қайта жаңартылып, жаңа театр және медиа студиялары, қолданбалы өнер студиясы ашылды.
Сонымен қатар балаларға арналған заманауи аймақ жасақталды. Мәдениет үйінің айналасындағы аумақ та өзгеріске ұшырады. Қазір мұнда жаңа ашық сахна, өнер киіз үйі және алтыбақан орнатылған.
«Қазақстан халқына» қорының ауданымызға көрсететін қолдауы жүйелі сипатқа ие. 2025 жылдың басында «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында аудандағы төрт мектептің материалдық-техникалық базасы толықтай жаңартылды.
2025-2026 жылдар аралығында «Қазақстан халқына» қоры тарапынан Қарабалық ауданына көрсетілген жалпы қолдау көлемі 532,2 миллион теңгеге жетті. Бұл сандардың артында нақты өзгерістер мен жаңа мүмкіндіктер жатыр: балалар өз таланттарын одан әрі ұштай алады, жастар өз идеяларын жүзеге асыра алады, ал шығармашылық ұжымдар заманауи әрі жақсы жабдықталған ортада дайындалып, өнер көрсете алады.
Мұндай игі өзгерістер ұлттық мереке қарсаңында ерекше мәнге ие болып отыр.
Суреттерді түсірген — Василий Васильев










