Аудандық «Жастар» мәдениет үйінде «Тағдыр» атты музыкалық қойылым көрермен назарына ұсынылды.
Өнер мен махаббатты, отбасы құндылықтары мен тәрбие мәселелерін арқау еткен қойылым ата-ана мен бала арасындағы түсіністік пен сенімнің маңызын ашып көрсетті.
Қойылымның басты кейіпкерлері Қайрат пен Роза ортақ арман мен музыкаға деген сүйіспеншілік арқылы мақсаттарына бірге жетуді көздейді. Алайда Розаның анасы өткен өмірінің өкініші мен қайғысын жүрегінде сақтап, қызының өнер жолын таңдауына қарсы болады.
Музыкалық қойылымда отбасы бірлігі, өзара сыйластық, ата-ананың ақ батасы мен бала арманына қолдау көрсету секілді маңызды құндылықтар көрініс тапты. Шығарма көрерменге отбасының беріктігі сенім мен түсіністікке негізделетінін, ал бала тәрбиесіндегі басты міндет оның таңдауына құрметпен қарап, дұрыс бағыт-бағдар беру екенін жеткізді.
Қойылымның режиссері әрі авторы – Әдібек Марғұлан Назарұлы. Сахналық қойылымға талантты өнерпаздар қатысып, көрерменге мазмұнды мәдени кеш сыйлады.