Қостанай өңірінің әр қиырын, әр қаласын әнмен өрген сазгер әнші Бақытжан Сәуекенов биыл мерейлі 75 жасқа толып отыр. Осыған орай Жастар сарайында «Өнерім- өмірім» атты шығармашылық кеш өтті.
Жиналған қауым әсем әнді ұйып тыңдап, сазгердің әрбір нотасынан туған жердің жұпар иісін сезінгендей болды. Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, әнші әрі сазгер Бақытжан Сәуекенов биыл 75 жасқа толып отыр.
Торғай өңірінде дүниеге келген өнер иесінің шығармашылық жолы мектеп қабырғасынан басталған. Ол 1966 жылдан бері сахнада өнер көрсетіп, қазақ ән өнерінің дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Алпыс жылдық шығармашылық ғұмырында Бақытжан Сәуекенов жүзге жуық ән жазып, Қазақстанның түкпір-түкпірінде және шетелдерде қазақ өнерін насихаттады. Ол «Ғасырлар пернесі» халық ансамблінің көркемдік жетекшісі болып, «Домбыра сазы» және «Әжелер» ансамбльдерінің құрылуына ұйытқы болды. Оның туындылары ұлттық өнердің алтын қорын толықтырды. ақытжан Сәуекеновтің шығармалары туған жерге деген сүйіспеншілік пен ел бірлігін дәріптейді. Сазгер Қостанай өңірінің көптеген аудан-қалаларына арнап ән жазған. «Туған жер, Торғайым», «Қазыналы Қостанай», «Арқалығым менің», «Қостанай – Торғай бауыр ел» секілді әндері халықтың жүрегінен орын тауып, өңірдің рухани брендіне айналды.
Шығармашылық кеш жоғары деңгейде өтіп, өнер сүйер қауымның басын қосты. Кеш барысында Бақытжан Сәуекеновтің ел жүрегінен орын алған танымал әндері орындалып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сазгердің туған жерге, елге деген сүйіспеншілікті дәріптейтін шығармалары уақыт өткен сайын өз құндылығын жоғалтпай, халықпен бірге жасап келеді. Өнер иесінің әндері талай ұрпақтың жүрегінде жаңғырып, халық жадында мәңгі сақталары сөзсіз.