
Рудный қаласында Ұлттық домбыра күніне арналған «Күй шеруі» мерекелік концерті жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қала тұрғындарына ерекше кеш сыйлады.
Ұлттық өнерді ұлықтаған шараға 400 домбырашы қатысып, қазақтың дәстүрлі күй өнерін насихаттады.
Концерт барысында халыққа танымал «Адай», «Тойбастар», «Ақжелең», «Тепең көк», «Сал күрең», «Кекілік», «Желдірме» күйлері орындалды.
Мерекелік кеште домбырашылармен қатар, қаладағы өнер ұжымдарының жас таланттары да өз өнерлерін көрсете білді. Олар ұлттық музыкаға деген сүйіспеншіліктерін көрсетіп, көрермендердің ықыласына бөленді.
Шараға белсенді қатысқан өнер ұжымдарының бірі — «Алтын домбыра» студиясы болды. Студияның негізін қалаушы Дүйсенова Назгүл Абайқызының айтуынша,
“«Алтын домбыра» студиясы 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бізде 6 тәжірибелі ұстаз сабақ береді. Қазіргі таңда студияда 300-ден астам балалар бар. Бүгінгі үлкен іс-шараға студиямыздан 200-ден астам бала қатысып, күйлер орындауда. Баршаңызды Ұлттық домбыра күнімен құттықтаймын!” – деді ол.
Ұлттық домбыра күні – халқымыздың мәдениетін дәріптеп, жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыратын мерекелердің бірі.
Осындай іс-шаралар арқылы жастар ата-баба өнерімен жақынырақ танысып, қазақтың күй өнерін келер ұрпаққа жеткізуге үлес қосады. Сондықтан «Күй шеруі» тек мерекелік концерт емес, ұлттық өнерге көрсетілген құрметтің көрінісі болды.