Алаштың ардақты ақын қызы Әсия Беркенованың 75 жас мерейтойына арналған “Айдын жырдың аққуы” атты республикалық айтыс мәреге жетті.
Алты сағатқа ұласқан айтыс аламаны жоғары деңгейде өтті. Қазылар алқасының шешімімен финалға Әсем Ережеқызы, Мұхтар Ниязов, Жансая Мусина, Нұрбол Жауынбаев өтті. Ақырғы сын өте тартысты өтті.
Сонымен, қорытындысында 3-орынды шымкенттік Нұрлан Есенқұлов, Мейірбек Сұлтанхан иеленді (1 млн теңгеден).
2-орын Мұхтар Ниязов пен Жансая Мусинаға бұйырды (1,5 млн).
1-орынға ақтөбелік Нұрбол Жауынбаев лайық деп танылды.
Ал бас жүлдені семейлік Әсем Ережеқызы жеңіп алды.
Бұдан соң облыс әкімі Құмар Ақсақалов айтыс мерекесімен жырсүйер жұртты құттықтап, ақындарға алғысын айтты, Әсия Әйіпқызына ықылас гүлін табыс етіп лебізін жеткізді. Қазылар мүшесі Жанарбек Әшімжан Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың құттықтауын оқып беріп, иығына шапан жапты. Ал Әсия апамыз сахнаға киіп шыққан шапанды кезінде Фариза Оңғарсынова жапқанын айтып, оны музейге тапсыратынын айтты.
Айтыстың ең бір жарқын сәті - облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың мерейтой иесі Әсия апамызға және Тобыл-Торғай өңіріне “Алтын домбыра” алып келген Айбек Қалиевке КІА автокөлігін мінгізді. Қос ақынның темір тұлпар тізгініне отырған кезін қалың жұрт қаумалап қошеметтеді.
Толығырақ газеттен оқи аласыздар