Ел іші – өнер кеніші! Аудандарды аралап келе жатқан «Өнеріміз саған, Қазақстан!» атты 35-ші облыстық көркемөнерпаздар байқауы Лисаков және Рудный қаласында жалғасын тапты. Қос шаһар, көлемі жағынан шағын болғанмен, олардың шығармашылық ұжымдарының беделі биік, әлеуеті әлді. Моноқалаларда өрбіген өнер фестивалі алып шаһарларда ұйымдастырылатын масштабы кең мәдени шаралардан ешбір кем емес, тең дәрежеде жүзеге асты.