Ел рәміздерінің туған күні Мемлекеттік рәміздер-мемлекеттің мызғымас негіздерінің бірі, бұл мемлекеттік тәуелсіздікті жүзеге асыру идеясының жаршысы. Біздің мемлекетіміздің рәміздері оның егемендігі мен тәуелсіздігінің, халық пен билік бірлігінің, топтасуы мен жалпыадамзаттық құндылықтарға ұмтылысының даусыз дәлелі болып табылады. Мемлекеттік рәміздердің туған күні, 4 маусым күні Әйет ауылында орталық алаңда мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына 32 жыл толуына орай "Мемлекеттік рәміздер - елдігіміздің нышаны" атты салтанатты іс-шара өтті. Іс-шара мемлекеттік әнұранмен басталды. Еркіндігіміздің Көк байрағы көкте желбіреп, Елтаңба төрде орнығып, Әнұран шырқала орындалғанда, ата-бабаларымыз сан ғасырлар аңсаған елдік қалпымыз бен сүттей ұйыған тірлігімізге шүкіршілік айтып, толқымайтын жан, селт етпейтін көңіл жоқ шығар. Іс-шараны аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі Б.Майлин, Е. Өмірзақов атындағы аудандық мәдениет үйі, аудан орталығының ұйымдары мен мекемелері қызметкерлерінің, сондай-ақ жастардың белсенді қатысуымен ұйымдастырды.