Жылдағы дәстүр бойынша 27 желтоқсан күні ауданның Бас шыршасының шамдарын жағу салтанаты өтті. Әйет ауылының орталық алаңы бұл күні балалардың күлкісіне, мерекелік ән-күйге, көңілді ойындарға ұласты. Сиқырлы мерекенің басты кейіпкерлері - Аяз Ата мен Ақшақар болды. Аудан орталығының тұрғындары мен қонақтарын әкім орынбасары Қалыбек Жұмашев құттықтады. Ол жиналғандарға құттықтау сөз сөйлеп, келер Жаңа жылымыз бақытты жыл болып, елімізде бейбітшілік болсын деген тілектер білдірді. Алаңға жиналған үлкенді-кішілі əйеттіктермен бірге Аяз Ата және Ақшақар «Жарқыра, шыршамыз!» деген сиқырлы сөздерін айтқаннан соң, керемет шыршамыз жарқырап шыға келді. Әйет ауылының бас шыршасының ашылуы бүкіл аудандағы жаңа жылдық іс-шараларға бастау болары сөзсіз!