Еліміздегі елеулі мерекелердің бірі – Тәуелсіздік күні қарсаңында желтоқсанның 15-і күні аудандық Мәдениет үйінің қабырғасында мемлекеттік мекемелердің мамандары, аудан ардагерлер кеңесінің мүшелері, этномәдени орталықтардың жетекшілері мен жастар қатысқан дөңгелек үстел өтті. Шараны ұйымдастырушылар: тарихи музей, аудандық кітапхана және аудандық мәдениет үйі. Дөңгелек үстел тарихқа шолудан басталды: музей қызметкерлері қатысушыларға еліміздің тәуелсіздігінің бастауында кім тұрғанын еске салды, кітапхана қызметкерлері өз кезегінде 1986 жылғы оқиғаның мәнін көрсететін кітап көрмесімен таныстырды. Кездесудің шығармашылық бөлімін мәдениет үйінің қызметкерлері жалғастырды. Атап өткендей, «Тарих тек кітап беттерінде, музей экспозицияларында ғана сақталмайды. Тарих ән мен күйде де сақталады». Дөңгелек үстелге қатысушылардың арасындағы жастар тәуелсіздік үшін күрескен халықтың ерлігін асқан мақтаныш сезіммен атап өтті. Ал өскелең ұрпақтың қасиетті борышы – осыны есте сақтау, өз елінің тарихын білу, құрметтеу. Елордада орналасқан Бәйтеректің шағын көшірмесі дөңгелек үстелдің өзіндік символына айналды. Әр қатысушы өз тілегін жазып, бейбітшілік пен достықтың символына айналған Бәйтерекке жапсырды.