Желтоқсанның 26-сы күні Елубай Өмірзақов атындағы аудандық Мәдениет үйінің қабырғасында ерекше жетістіктерге жеткен аудан оқушылары үшін шырша өтті. Жиналған балаларды аудан әкімі Қайсар Мыржақыпов құттықтады. Балаларға естелік сыйлықтармен қатар тәтті сыйлықтар, жұмсақ ойыншықтар мен ертегі кітаптары сыйға тартылды. Мәдениет үйінің фойесінде небір ертегілердің, мультсериалдарының кейіпкерлерін сомдаған балалар жиналды. Олар шыршаны айнала ойнап, би биледі.
Жаңа жылдық шыршаға ауданның түкпір-түкпірінен келген ең белсенді мектеп оқушылары, олимпиадалардың, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары қатысты. Қайсар Мыржақыпов балаларға денсаулық, оқуда табыс, отбасыларына амандық тіледі.
Мереке көрермендер залында жалғасып, балалардың назарына «Кот в сапогах» ертегі-мюзиклінің премьерасы ұсынылды. Қойылымды аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері әзірлеген болатын.
Жаңа жылдық мереке тәтті тағамдармен аяқталды. Шараны ұйымдастырушылар: «Бейімбет Майлин ауданы әкімдігінің білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі және Елубай Өмірзақов атындағы аудандық мәдениет үйі болды.