Елімізде тойланатын көптеген мерекелердің ішінде Аналар күні ерекше орын алады. 22 қыркүйек күні Елубай Өмірзақов атындағы аудандық мәдениет үйінде ауданның белсенді аналарын марапаттауға арналған мерекелік іс -шара өтті. Мерекелік бағдарламаның жүргізушілері Ерхан Ыбыраев пен Диана Әбжанованың жылы, әсерлі, толғандырар сөздерінен Аналарға деген мейірім байқалып тұрды. Залға жиналған аналарды «Бейімбет Майлин ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Ольга Нұрғалиева құттықтады. Өзінің құттықтау сөзінде аналарға болашақ ұрпақты саналы тәрбиелеуге қосып отырған үлестері үшін ризашылығын білдіріп, денсаулық және бақыт тіледі. Белсенді деген он ана «Үміт-2050» қоғамдық қорының Алғыс хатымен марапатталды. Жалпы, құттықтау сөздерімен қатар жиналған қауымды мәдениет үйінің қызметкерлері жалынды музыкалық сәлемдерімен толықтырып отырды. Таңатқан Жүрсін, Айбек Балтабаев, Марк Забелин, Асан Әнуарбеков, Мейрамбек Кенжебаев, Берік Қозылов және Айман Зыбалевалардың лирикалық әндері мен музыкалық шығармалары көрермендердің көңілінен шықты. Іс-шара «Үміт-2050» қоғамдық қорының, «Бейімбет Майлин ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі» мемлекеттік мекемесінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында, аудандық мәдениет үйі қызметкерлерінің қолдауымен ұйымдастырылды.