20 қыркүйек күні Елубай Өмірзақов атындағы аудандық Мәдениет үйінде «Әйет жағасында» атты тілдер фестивалі өтті. 3-ші жыл қатарынан өткізіліп отырған фестиваль биылғы жылы қазақ ағартушысы, ғалым және мемлекет қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналды және Қазақстан Республикасындағы Тілдер күніне орайластырылды. Мерекелік іс-шараға қазақ, орыс, әзірбайжан, татар-башқұрт, украин, белорус және өзбек ұлттық мәдени орталықтары белсене қатысты. Барлық этно-мәдени бірлестіктер ән-шашумен бірге өз ұлттарының мәдениетін, салт-дәстүрін көрсете білді. Фестиваль қонақтары мен қатысушыларын мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы А.Асанова, аудандық мәдениет үйінің директоры Б.Қозылов және аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Г.Асановалар құттықтады. Іс-шараның басты мақсаты – ана тіліне, өз еліне деген сүйіспеншілік пен құрметті сақтау, Қазақстанда тұратын түрлі ұлттар мен ұлыстардың мәдениеті және салт-дәстүрімен танысу.