Облыс көлемінде алғаш рет «Mobile Blockbuster film festival» қысқаметражды фильмдердің фестивалі басталды. Бұл байқауға қатысатын фильмдер тек планшет немесе ұялы телефон камерасына түсірілуі керек.
Жоба бастамашыларының айтуынша, мобильді киноның киноиндустрияға жаңа формат ретінде енгеніне он жылдан астам уақыт болған. Бірақ біз ғана емес, жалпы ТМД елдеріне өнердің бұл түріне қызығушылық енді артып отырған көрінеді. Тың бастаманы мәдениет басқармасы қолдап отыр. Заманауи гаджеттердің қосымша жабдықтарсыз және шығынсыз жоғары сапалы фото немесе видео жасайтын мүмкіндігі зор. Тың технологиялар дарынды режиссерлер мен операторларға өз идеяларын жүзеге асыруға, эксперимент жүргізуге, сол арқылы сандық технологиялармен бір бағытта қозғалуға мүмкіндік береді. Мобильді кинофесативальдің мақсаты – қысқаметражды фильмдер арқылы қоғам көріністерін таспалай отырып, көрермен көкейіне ой салу. Бұл тың туындылар жаманнан жиреніп, жақсыны үйреніп өмір сүруге шақырады, - дейді ұйымдастырушылар.