Екі күнге жалғасқан республикалық айтыс өз мәресіне жетті. Бас жүлдені Айбек Қалиев қанжығалап, темір тұлпарды тақымына басты.
Бірінші орын Мейірбек Сұлтанханның бағы мен бабына бұйырды, ал Әсем Ережеқызы мен Серік Құсанбаев екінші орынға жайғасса, үшінші орынның жүлдесін Салтанат Өтелбаева мен Шұғайып Сезімхан бөлісті. Сондай-ақ, арнайы жүлдеге Тоба Өтепбаев ілікті.
Қыркүйектің 26-27 жұлдыздары аралығында Қостанай қаласындағы «Жастар сарайында» өткен аламан айтыста 14 ақын 7 жұп болып сынға түсті. Әуелгі күні үш жұп келесі кезеңге лайықсыз өнер көрсетті деп танылса, қазылардың тарапынан тиісті бағасын алған сегіз ақын шешуші күні сөз сайысына түсті.
Ақындар Бейімбеттің шығармашылығын, ел мүддесі үшін аянбаған күрескерлігін кестелі сөзбен, татымды мақаммен жырлады.
Бүгінгі елдің бет-бейнесі мен алаш ардақтысы шығармашылығындағы байланыс та айтылды. Сөз барымтасы болған соң да, қатысушылар бір-бірін қазақы қалжың, орайлы сөзбен қағытып та алды.
Айта кету керек, жүлдеге ілікпеген қатысушылардың барлығы ынталандыру сыйақысына ие болды.