Қыркүйектің 11-13 жұлдызы аралығында І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының қабырғасында «Біздің айтыс» телевизиялық жобасының алғашқы кезеңі өтті.
Өңіріміздің әр түпкірінен келген сөз бенен ой барымташылары 12 жұп болып айтысты. 24 ақынның жартысы келесі кезеңге жолдама алса, ал қалғандары 20 мың теңгелік жүлдені қанағат тұтты.
Әңгімені әріден бастасақ. «Біздің айтыс» тележобасы - Тобыл-Торғай төңірегіндегі ата өнердің көрермен, тыңдарманы үшін таңсық дүние емес, яғни көз көрді, құлақ отықты.
Неге десеңіздер, облыстық «QOSTANAI» телеарнасының эфирінде бұрындары болған жоба.
Міне, араға жылдар салып көрерменнің көзайымына айналған бастама жаңа күнмен жаңғырып, Мәдениет басқармасының және облыстық арна ұжымының тарапынан қолдауын тапты.
Қазылар алқасының құрамында: төраға, ақын, сатирик, жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, облыстық меценаттар клубының «Қазына» сыйлығының лауреаты – Ғұмар Ахметчин, айтыскер ақын, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, облыстық меценаттар клубының «Қазына» сыйлығының лауреаты, Қазақстандағы жас ақындардың «Үздік ұстазы» атағының иегері – Әлпия Урманшина, Қазақстанның Халық ақыны – Әсия Беркенова, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты - Нағашыбай Мұқатов, ақын, жазба ақындар айтысының жүлдегері – Нұрқанат Құлабаев төрелік етті.
Телевизиялық айтыстың әуелбаста белгіленген қағидасына сәйкес, әр жұптың жеке тақырыбы болды.
«Рухани жаңғыру», «Жолдау», «Түркі әлемі» т.б тақырып төңірегінде әр жұп шама байқасты. Ойы мен сөзі келіскен, тақырып аясында аянбай көсілгендер келесі кезеңге өтті, ал Кенжеғозин Ғалымкерей (Рудный), Қасым Нұрсұлтан (Қостанай), Өтепбаев Тоба (Алтынсарин), Қанғожин Аслан (Қостанай), Кенжеғозина Злиха (Жангелдин), Ізтілеуов Балтасар (Амангелді), Тұрсын Еламан (Амангелді), Сәндібек Ержан (Алтынсарин), Құсайынов Дінмұхамбет (Меңдіқара), Байғазы Руслан (Арқалық), Нұрболат Қадыров(Жангелдин), Ғазез Мешіт (Қостанай) есімді қатысушылар 20 мыңдық сертификатты місе тұтты.
Телевизиялық жобаның алғашқы кезеңі жуырда облыстық арнаның эфирінен көрсетіледі.