Аламанның ашылуында облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали сөз сөйлеп, бұл айтыстың маңызына тоқталып, Халық ақыны Қонысбай Әбілдің атқарған ерен еңбегін атап өтті.
Айтыстың тізгінін ұстаған ақын, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай көзіқарақты көрерменге қазылар алқасының құрамы мен сынға түсетін ақындарды таныстырды.
Өтіп жатқан сөз сайысында қазылар алқасына Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық Одағының Төрағасы Жүрсін Ерман төрағалық етеді. Сонымен қатар, қазылар алқасының құрамында Халық ақыны Әсия Беркенова, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Құдайберлі Мырзабеков, Бауыржан Халиолла, ҚР мәдениет қайраткері, ақын Ақылбек Шаяхмет, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Сейфолла Шайынғазы.
Ұйымдастырылып отырған сөз барымтасында еліміздің түкпір-түкпірінен келген 12 ақын өзара бақ сынауда. Олардың арасында айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиев, «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртай, халықаралық, республикалық айтыстарда топ жарып жүрген Салтанат Өтелбаева, Батырлан Сағынтаев, Әсем Ережеқызы т.б. ақындар бар. Ал кіл мықтыдан кім мықты шығары ақтық сында анықталады.