Нұржан Наушабаев атындағы «Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен...» ІІ республикалық жыр-терме, дәстүрлі ән орындаушылар байқауының қатысушылары бүгін Тобыл өңіріне ат шалдырды.
Бүгін облыс орталығына тұрақтаған өнерпаздар мәдени-рухани нысандарды аралады. Атап айтқанда, Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай меймандар ұлы ағартушы атындағы облыстық мемориалдық мұражайға бас сұғып, жәдігерлермен, мұражай қызметімен танысты.
Мұражай төрінде байқау қатысушыларымен Қостанай облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қалмақов Ерлан Болатұлымен және Облыстық халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығының басшысыД.Қалқаев, Облыстық Ы.Алтынсарин атындағы музейдің басшысы М.Оспанов кездесу өткізді. Мәдениет басқармасының басшысы қатысушыларға сәттілік тілеп, ақ тілегін білдірді.
Одан соң қатысушыларға арналған бағдарлама қаланың қақ ортасына орнатылған Ыбырайдың еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімін жалғасты. Бұдан кейін байқау қатысушылары Тобыл қаласы аумағындағы Ы.Алтынсарин кесенесіне саяхаттап барып, ұлы ұстаздың аруағына зиярат жасады. Жергілікті мамандар қонақтарға әр нысанға қатысты ақпараттар беріп, сұрақтарына жауап берді.
Естеріңізге салайық, Нұржан Наушабаев атындағы «Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен...» ІІ республикалық жыр-терме және дәстүрлі ән байқауы ертең сағат, яғни сенбі күні 15.00-де Тоблы қаласындағы "Алтын дән" мәдениет үйінде басталады. Бірінен бірі өткен өрелі өнерпаздардың кешін тамашалауға баршаңызды шақырамыз!