Тамыз айында Римма Ғабдолқызы жеті асудың бел ортасы - 75 жасқа келеді...
Римма Ғабдолқызы еліміз үшін де, облысымыз үшін де көп еңбек еткен мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, білікті басшы.
Ұзақ жылдар бойы мәдениет пен өнер саласында қалтықсыз қызмет етіп, туған өлкеміздің руханиятын дамытуға айтарлықтай үлес қосқан Қостанай өлкесінің ардақты қызы.
Римма Ғабдолқызы 1945 жылы Қарасу ауданы Қарасу ауылында дүниеге келген. Абай атындағы қазақ мемлекеттік педагогикалық институтын орта мектептің физика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша (1967 ж.), Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық институтын клуб жұмысын ұйымдастырушы-әдіскері, мәдени-ағарту мамандығы бойынша (1984 ж.) білім алған.
Римма Ғабдолқызының мәдениет саласындағы жұмыс кезеңі облыстың мәдени өмірінің ең жарқын беттерімен байланысты. Ол басқарған «Текстильщик» мәдениет сарайы республикадағы ең үздіктердің бірі болды. Басшы мен тәлімгердің кәсібилігі, таланты жоғары бағаланып, 1988 жылы облыстық мәдениет басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Римма Ғабдолқызының көп жылдық және адал еңбегі үшін «Кәсіподақтардың мәдени-ағарту мекемелеріндегі үздік жұмысы үшін» белгісімен, «Столица Астана» естелік медалімен, «Ерен Еңбегі үшін» медалімен, «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісімен, сонымен қатар, көптеген грамоталар мен дипломдармен марапатталды.