Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы 2 қарашада дүниеге келген. Бар ғұмырын туған халқының білім алып, өркениет көшіне ілесуіне арнаған ұлы тұлға қазақ даласында зайырлы білім беру ісінің негізін қалады.
1864 жылы Торғайда қазақ балаларына арналған алғашқы мектептің есігін ашып, халықты білім мен ғылымға шақырды. Оның «Кел, балалар, оқылық!» өлеңі тұтас ұрпақтың білімге деген құштарлығын оятқан рухани үндеуге айналды.
Ыбырай Алтынсарин – қазақ балаларына арналған тұңғыш оқу құралы «Қазақ хрестоматиясының» авторы, мектеп ісінің ұйымдастырушысы, кәсіптік және қыздар білімінің дамуына зор үлес қосқан ағартушы.
Ұлы ұстаздың әдеби мұрасы мен педагогикалық идеялары арада 185 жыл өтсе де, өзектілігін жоғалтқан жоқ. Оның адамгершілік, еңбекқорлық, ізгілік пен білімді дәріптеген өсиеттері бүгінгі ұрпақ үшін де баға жетпес тәрбие мектебі болып қала береді.
Облыс орталығында Ыбырай Алтынсариннің облыстық мемориалдық музейі жұмыс істеп, ұлы ұстаздың мұрасын сақтау, зерттеу және насихаттау жолында көп еңбек атқарып келеді.
Сонымен қатар Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университеті де ағартушы есімін иеленіп, білім мен ғылым саласында білікті мамандар даярлап келеді. Бұл – ұлы ұстаздың ізгі жолы мен ағартушылық мұратының жалғасып келе жатқанының айқын көрінісі.
Бүгінде Ыбырай Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық!» деген ұлағатты үндеуі әлі де әрбір жас ұрпақты білімге, ізденіске және биік мақсаттарға жетелей береді.
Мақаланың толық нұсқасын «Шабыт қанатында» журналының 2026 жылғы № 4 (27) санынан оқи аласыздар.