Бүгін «Зерделеу» бағдарламасы аясында Қостанай ауданының орталығы – Тобыл қаласында әдістемелік көшпелі кездесу өтті

Тағылымды басқосуды Облыстық халық шығармашылығы орталығының басшысы Дәмер Қалқаев ашып, мәдениет саласындағы жұмыстардың негізгі бағыттарына тоқталды. Сондай-ақ алдағы уақытта атқарылатын міндеттерді айқындап, мамандар арасындағы кәсіби байланысты нығайтудың маңызын атап өтті.
Кездесудің басты мақсаты – мәдениет саласы мамандарының біліктілігін арттыру, өзара тәжірибе алмасу және әдістемелік жұмыстың сапасын жетілдіру. Іс-шара барысында қатысушылар әдістемелік әрі практикалық сабақтарға қатысып, аудандық мәдениет мекемелерінің тыныс-тіршілігімен, жұмыс бағыттарымен және ұйымдастырылып жүрген мәдени-көпшілік шараларымен танысты.
Өз ісінің қыр-сырын бөліскен мамандар қатарында Айсары ауылдық клубының мәдени ұйымдастырушысы Г.А.Әлжанова мен Бейімбет Майлин ауданы Калинин ауылдық клубының концерт залының меңгерушісі Е.М.Кузнецова болды. Олар күнделікті жұмыстағы тәжірибелерімен бөлісіп, мәдени іс-шараларды ұйымдастырудың ерекшеліктеріне тоқталды.
Жиынға Б. Майлин ауданынының Е.Өмірзақов атындағы аудандық мәдениет үйінің директоры Б.С.Нұржанова және Қостанай ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Г.Б.Бисахалова да қатысты.
Кездесуді орталық басшысы Дәмер Елтайұлы қорытындылап, бағдарламаға белсене атсалысқан қатысушыларға алғыс хаттар табыстады. Басқосудың шырайын шығармашылық ұжымдар да аша түсті. Облыстық халық шығармашылығы орталығының өнерпаздары мен аудандық «Алтын дән» мәдениет үйінің вокалистері әсем әннен шашу шашып, кештің көркін келтірді.
«Зерделеу» бағдарламасы – мәдениет қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін шыңдап, тәжірибе алмасуына жол ашатын, өңірдегі мәдениет саласының дамуына серпін беретін маңызды бастама.



















