
Біз үшеу едік… Дәл осылай аталатын белгілі жазушы Төлен Әбдіков ағамыздың драмалық шығармасы бар. Әрине, оның оқиғасы басқа. Менің айтпағым, бір топырақта туып, біте қайнасқан үш ақынның тағдыры туралы…
Басты кейіпкері – арамыздан ерте кеткен арқалы ақын Кеңшілік Мырзабеков. Сосын Серікбай Оспанов пен өзім жайлы. Өйткені Кеңшілік туралы әңгіме қозғай қалсам, мен оны өзімнен де, Серікбайдан да бір сәт бөліп, ажыратып айта алмаймын. Балалық шақ, жігіттік кезең, ат арқасына мінген азаматтық дәуренде біз бір-бірімізден көз жазып қалған жоқпыз. Тек ажал, ажал ғана айырды бізден Кеңшілікті. Әрине, қатар жүрген қаламдас достар аз емес еді бізде. Бірақ дәл біз үшеуіміздей бір үйелмен үйдің баласындай тай-құлындай тебісіп өскен ешкім де жоқ шығар…
Иә, біз үшеу едік. Кеңшілік, Серікбай және мен. Кеңшілік екеуміз болса-болмаса бір ауылда туып өстік. Мектеп табалдырығын бірге аттадық, бір партада отырдық, бір үйде жаттық, онжылдықты бірге тәмамдадық, ақыры Алматыға келіп, университетке де бірге түстік, қаламгерлік қызметтерді де қатар атқарып жүрдік. Бір адамның ғұмырында тағдыр қосып, бұлай бірге жүру кез келген адамның маңдайына бұйыра бермеген болса керек.
Ал, Серікбай ше? Серікбаймен Кеңшілік екеуміз сегізінші класқа көшкен жылы, жазда, Торғай қаласында алғаш рет ұшырасыппыз. Бірақ бір-бірімізді бесінші кластан бастап, сырттай біледі екенбіз. Бесінші кластан бастап Кеңшілік екеуіміздің өлең, мақалаларымыз аудандық газетте жариялана бастады. Алғашында жолдаған өлеңдеріміз газетке сирек шығып жүрді. Шамасы, шала-жансар дүмбілез дүниелер болса керек. Ал, екеуміз қосылып жазған «Киров атындағы колхозда», «Мектеп өмірінен» деген айдармен беріліп тұратын қысқа хабарларымыз кешікпей шығып тұратын. Серікбай болса, біз екеумізден бір жас үлкендігі бар екен, оның мақаладан гөрі өлеңдері аудандық газетте жиі-жиі жариялана бастады. Өлеңдерінің көбісі сықақ болатын. Кеңшілік екеуміз Серікбайдың өлеңдерін оқып, «біз неге осылай шықпаймыз?» дегендей бір-бірімізге қараймыз да қоямыз. Алтыншы класс оқитын жылы біздің де өлеңдеріміз сол кездегі «Социалистік ауыл» газетінде жиі шыға бастады. Алғаш менің өлеңім шықты. Серікбайға ұқсап сықақ өлең жазғам. Сықақ өлеңнің жолы болғыш екен. Бірден жариялана кетті. Сондағы бас-аяғы екі-ақ шумақ өлең әлі есімде:
Көрмессің мұңдай салақты,
Итке де аузын жалатты.
Үйіне келген қонақты,
Бөтелкемен сабапты.
Осының бәрі сорлыға
Ішкеннен соң болды-ау арақты.
Көгілдір көктемде, көкек айының бір күні болар деймін. Жаңылмасам, жексенбі күні интернат ауласында жүрген маған қарай Кеңшілік желпілдеп келе жатыр. Қолында «Ауыл» газеті. Ішкі бетін айқара ашып, маған көрсетіп жатыр. «Өлеңің шығыпты, Серік. Шүйінші, шүйінші!» – дей береді. Жүзі бал-бұл жанып, менен бетер қуанып, құрақ ұшып жатыр. Екеуміз дауыстап қосыла оқи жөнелдік. «Ішкен соң болды-ау арақты». Тақырыбы да сол. Соңы да осылай бітеді. Кеңшілік әбден жанығып алған. «Не деген бақыттысың!» — деп, мені қайта-қайта құшақтай береді. Менің де жүрегім дүрсілдеп, бойым қызынып, көзім жайнап қоя берді. Қатты қуандым. Өз көзіме өзім сенбегендей газеттегі өлеңіме қарай бердім. Кеңшілік дауыстап оқи бастады, оған мен қосылам. Интернат балаларының бәрі қоршап алып, бізді жұлмалап жатыр. Ақыры газетті бірі әрі тартып, бірі бері тартып дал-далын шығарды. Жаңа ғана қуаныштан жарылардай болып тұрған мен, өлеңімнің өрім-өрім боп жыртылып қалғанын көрген соң ызаланып жылап жіберіппін. Кеңшіліктің әлдекімдермен жағаласып, төбелесіп жатқанын білем.
Интернаттағы төсегімде етпетімнен түсіп, көз жасымды көрсетпей жатыр едім, қасыма Кеңшілік келіп:
— Жүр, Серік, почтаға барайық. Сол жерден газет аламыз, — деді. Ұшып тұрдым. Почта үйі интернаттан таяқ тастам жер еді. Әп-сәтте жетіп барып, табалдырықтан аттай бергеніміз сол еді, почта бастығы Қалихан бізді байқап қалып, айқай салғаны:
— Қайда барасыңдар, жүгірмектер, бері келіңдер! — деп бұйырды. Амалсыз тоқтадық.
— Жөндеріңді айтыңдар!
Кеңшілік «мынау Серіктің өлеңі шыққан газеттің бір данасын…» дегенше, «түсінікті!» деп сөзді келте қайырды да, «алдымен мынаны істеңдер» деп, таудай болып жатқан бір бума газетті көрсетті.
— Осыны «сортировать» етесіңдер. Газетті сосын беремін, — десін.
Амалсыз бұйрықты орындауға кірістік. Бума-бума газетті бүктеп, түптеп, жүйелеп біраз жұмыс істеген соң риза болды білем, кешегі газеттің бір-бір данасын ұстата берді. Газет қолға тиісімен, екеуміз зымыраған күйі Кеңшіліктің үйіне жеттік. Кеңшіліктің әкесі Ағытай, шешесі Мәркүл менің өлеңімді көріп мәз болып жатыр.
— Сенікі қашан шығады! — деді Мәркүл баласына тіктеп қарап.
Кеңшілік қызарақтап, күмілжіп қалды.
— Жә, тәйірі, шығады да! — деді Ағытай баласына ара түсіп.
Көп ұзамай Кеңшіліктің «Еңбек» деген алғашқы өлеңі шықты. Оны маған тағы да Кеңшіліктің өзі көрсетті. Бірақ біз оған дәл анау жолғы менің өлеңім шыққандай қуана қоймадық.
— Өлеңімді қысқартып тастапты! — деді Кеңшілік. — Жақсы шумақтарым бар еді!
Кеңшілік маған дәл осы сәттен бастап есейіп кеткендей көрінді.
Екеуміздің де өлеңіміз шыққанына елеңдеп жатқан елді байқамадық. Қатар балаларымыздың да қуанған қалпы көрінбейді. Мұғалімдерімізде ләм-мим деп, жұмған ауыздарын ашар емес. Оларға өлеңнен гөрі мектеп жайында жазған мақалалар ұнайтын секілді. Тек әйтеуір екеуміз ғана өзімізге-өзіміз риза болысып, өлеңіміз шыққан газетті оқулық кітабымыздың ішіне ұзақ сақтап жүрдік…
Жетінші класқа көшкен жылы біздің ауылға Серікбай келіпті. Совхоз орталығы Ақшығанақта бір тумасы тұрады екен. Соған қыдырып келген бетінде бізді іздеген екен. Екеуміз де орталықтан жырақ бөлімшеде болыппыз. Серікбай кейін: «Сендерді көруге жүрегім дауаламады. Ол кезде сендердің өлеңдерің газетте жиі шығып жатты. «Мені менсінбейтін шығар деп ойладым», — дейді.
Сол Серікбайды Кеңшілік екеуміз сегізіншіге көшкен жазда Торғайда көрдік. Бірақ екеуміз екі бөлек көрдік. Серікбайды мен Кеңшіліктен бұрын көрдім. Жазғы демалыста Торғайдың қақ ортасында ет сататын шағын дүкен болатын еді. Сол дүкеннің қасынан балмұздақ сататын болған. Балмұздақты бұрын көрмеген басым, қызыққаным сонша, күнде барып, сатып алып жеп жүруші едім. Бір күні сол жерден өзім құралпы 3-4 жігіт кезіге кетті. Ішіндегі ұзынша бойлы, ақсары жігіт көзіме жылы ұшырай кетті. Бір жерден көрген сияқтымын. Сол-ақ екен, ешкім таныстырмаса да біз бір-бірімізді бұрыннан білетін адам құсап жұғыса кеттік. Танысып, қол алысып жатырмыз. Сол жылы күзге таман Серікбай Кеңшілікті көріпті. Тағы да сол Торғайда. Екеуі бірін-бірі бірден танып, шұрқыраса кетіпті. Өздері оны-мұны, өткен-кеткенді айтып біраз әңгімелесіпті.
1963 жылы күзде халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің 60 жылдық мерейтойы Торғайда дүрілдеп өтті. Алматыдан Сыр-ағаң, Ғафаң, Ғапбас Жұмабаев, Сарбас Ақтаевтар келді. Бәрін де бірінші рет көруіміз. Кеңшілік екеуміз алыстағы Ақшығанақ ауылынан бұл тойға мектептен қашып келдік. /Кейін мәселеміз «Педсоветте» қаралып, әзер дегенде мектептен шықпай қалдық/. Екеуміздің де Нұрханға арнаған өлеңіміз бар еді. Соны той үстінде оқығымыз келеді. Торғайдың ортасындағы еңселі мәдениет сарайы халыққа лық толы, ине шаншар жер жоқ. Сыр-ағаң дүркіретіп баяндама жасады. Күркіреген дауыс, кесек-кесек сөз, ешкімге ұқсамайтын түр-тұлға Кеңшілік екеумізді таң қалдырып тастады. Содан кейін арқалы ақын Ғафу Нұркеңе арнаған өлеңін оқып, жұртты бір желпіндіріп тастады. Нұрекең сахнаның қақ ортасында үнсіз отыр. Тіл-аузы байланып сөйлей алмай қалып, осынау дертке шалдыққанына бір-екі жыл болған деседі. Оның үстіне жазу жазатын оң қолы қимылсыз қалған. Сол қолымен ғана әзер деп бірдеңе жазатын көрінеді. Сол жазғанын мана баласы Мәлікзада жиылған жұртқа оқып бергенде, көпшілік көзінен жас алып, көңілді бір толқытып тастады. Нұрхан атаның да бетін жас жауып, кемсеңдеп жылап отырғанын көзіміз көрді.
Мерейтойдың алғашқы бөлімі бітіп, жұрт үзіліске шықты. Енді концерт басталмақ. Әр әннің ара-арасында Нұрханға арналған өлеңдер оқылып, жыр-толғаулар шырқалмақ. Осындай ойын-сауық жағын сол кезде Торғайға аты кеңінен мәлім ақын Назарбек Бектемісов басқарып жүр екен. Біздің де өлең арнағанымызды естіген ол Кеңшілік екеуіміздің қасымызға келіп: «Ал, балақайлар, өлең оқитын адам көп, екеуіңнің біреуіңе ғана сөз берем, жастарыңның үлкені қайсың?» — десін. Сол кезде Кеңшілік «менмін» деді жұлып алғандай, суырылып алға шыға берді. Менің Кеңшіліктен үш ай үлкендігім бар еді. Айтуға мұрша келтірмеді.
«Ал, онда, тез, тез шық. Уақыт тығыз, жылдам оқы», — деп жатыр Назарбек. Кеңшілік өлеңді Назарбек айтқандай тез, жылдам оқып сахнадан түсті. Өлеңді жұрт жақсы қабылдады. Алақандар сатыр-сұтыр соғылды. Кеңшіліктің жүзі бал-бұл жайнап кеткен. Тамаша бір шабытты шағында тұр екен. Екеуміз құшақтаса кеттік. Сондағы мені Кеңшіліктің жұбатқаны: «Ауылға барғасын екеуміз де өлең оқыдық деп айтайық», — деді…
Аттестат алған соң Кеңшілік Алматыға аттанды. Мен болсам, жанұя жағдайына байланысты ауданда қалып қойдым. Аудандық газеттің редакторы Сапабек Әсіпов «сенен жақсы журналист шығады» деп мені қызметке алып қалды… Алматыда жүрген Кеңшіліктен маған сол жылдарда жиі-жиі хат келіп тұрды. Алғашында Серікбай екеуі КазМУ-дің журналистика факультетіне сынақ тапсырған екен, Кеңшілік өте алмай қалыпты. Сөйтсе, КазМУ-дің мұғалімдерінің «шығарманы өлеңмен жазбаңдар» деген ескертпесіне қарамастан, Кеңшілік ерегескендей берілген тақырыпты «жырлап» берген ғой. Ескертуден қорытынды шығармаған соң сынақ алушы Кеңшіліктің шығармасын оқымастан белінен бір-ақ сызған. Шығармасының соңын Кеңшілік «Құласам, өлеңнен құлайын!» деп аяқтапты. Бірақ алған бетінен қайтпайтын мұғалім ағайындар Кеңшіліктің бұл уәжіне құлақ аспапты.
КазМУ-ден «құлап» қалған Кеңшілік Алматыдан кеткісі келмей, біраз газет-журнал, теле-радио редакцияларының есігін тоздырса да ешкім оны елеп қызметке ала қоймапты. Келер күзде КазМУ-ге сырттай оқуға келгенімде, Кеңшілік жүк түсіруші болып жұмыс істеп жүр екен. Екеуміз бірге сынақ тапсырып, КазМУ-дың журналистика факультетіне сырттай оқуға түстік. Сөйтіп, мектептегі күндердей, университетте де бірге оқып, бірге отырып, бірге ойнап-күліп жаттық. Серікбай болса КазМУ-дің дыңдай студенті. Газет-журналдарда өлеңдері жиі шығады. Студенттер жатаханасында тұрады. Жора-жолдастарының алдында беделді.
Сырттай оқығаның бар болсын, айында, жылында болатын сессия күндері шолақ сайдың суындай зу етіп өте шығады. Мен Торғайға аттандым. Кеңшілік, Серікбай Алматыда қош айтысып қала берді. Екеуінен кезек-кезек хат келіп тұрады. Кеңшіліктің бар арманы – ауыл. Шамасы, Алматыдан қолайлы жұмыс табыла қоймаған соң елге келіп, менімен бірге Торғайда жұмыс жасағысы келеді. Бірақ Торғайдағы алақандай газеттің жұмысы кімге жетеді? Сөйтіп жүргенде өзіміздің Сыр-ағаң Қостанайдағы облыстық газеттің бас редакторы Бақытжан Жангисинге хат ұсынып, Кеңшілікті сонда қызметке алдырды. Енді тіпті жақсы болды. Торғайда — мен, Қостанайда — Кеңшілік, бір-бірімізге жиі қатынап, сағынысып көрісіп тұратын болдық.
Бірер жыл өткен соң екеуміз де Алматыға келіп, қызметке кіріп, қатарға қосылып, қаламгерлік қат-қабат күндерімізді бірге өткізіп жаттық. Осы кезеңде Серікбай да, КазМУ-ды тамамдап, мен істеп жүрген қазақ радиосына қызметке орналасып, ойнап-күліп, талай-талай қызық та қызулы сәттерді басымыздан өткердік. Бұл жылдарда Кеңшілік те біраз қызметтердің басын қайырып тастады. «Лениншіл жас», «Жаңа фильм», «Жетісу», «Социалистік Қазақстан» сияқты бірнеше басылымда істеп, бастыққан журналист болды, атақты ақынға айналды. Кеңшілік ақындық шабыты шарықтап, қаламгерлік қабілеті кемеліне келіп, толқып-шалқып тұрған шағында үзіліп кетті.
Үзіліп кетті-ау, үміт, арманым,
Қалайша енді ұмытам бәрін?!
Мұздай денеңді
Кеудеңе тамған
Ыстық көз жаспен жылыта алмадым.
Жақсыны өмір қояр ма мынау,
Тәттісіне сен тоя алмадың-ау,
Ұйықтап кеттің мәңгілікке енді
Оянбадың-ау, оянбадың-ау! – деп тебіренді Серікбай ақын Кеңшіліктің қазасында.
Серік ТҰРҒЫНБЕКОВ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты