Бүгін Қостанай ауданындағы «Алтын дән» мәдениет үйінде сатирик-жазушы, этнограф-ғалым Сейіт Кенжеахметов атындағы «Мірдің оғы» республикалық әзіл-сықақ театрлары байқауына іріктеу кезеңі өтті. Биыл бұл байқау бесінші мәрте ұйымдастырылуда. Іріктеу кезеңіне облыстың әр өңірінен алты шығармашылық ұжым қатысып, өз өнерлерін көрерменге ұсынды. Байқаудың басты мақсаты – қоғамдағы өзекті мәселелерді, әлеуметтік тақырыптарды әзіл мен сатира тілі арқылы жеткізу, көрерменді күлдіре отырып ой салу. Алғашқы кезеңде Сейіт Кенжеахметов ағамыздың шығармасын, екіншісінде еркін тақырыпта ойнады. Асхат Зауәтбек – қазылар алқасының төрағасы, облыстық Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрының директоры. Жұматай Ахметхан – театр және кино актеры. Төленді Әлқожа – облыстық қуыршақ театрының директоры, театр және кино актеры, Аслан Кенжетай – театр және кино актеры. Көрермен мен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болған үш театр келесі кезеңге жолдама алды. Олар: Арқалық қаласының «Абадан» әзіл-сықақ театры (жетекшісі – Мейрамбек Бейсенбек), Денисов ауданының «Түйемойнақ» әзіл-сықақ театры (жетекшісі – Азамат Жолдықан), Жангелдин ауданының «Мірдің оғы» әзіл-сықақ театры (жетекшісі – Шыңғыс Садуақас). Аталған үздік ұжымдар енді Қостанай облысының намысын республикалық деңгейде қорғайтын болады. «Мірдің оғы» республикалық байқауы 4 желтоқсанда Меңдіқара ауданында өтеді. Шара барысында еліміздің түкпір-түкпірінен келген әзіл-сықақ театрлары бас қосып, өзара өнер сайысына түседі.
Ақпаратты достарыңызбен сілтеме арқылы бөлісіңіз:
Ақпаратты достарыңызбен сілтеме арқылы бөлісіңіз: