altynsarin
amangeldy
auliekol
denisov
jangeldin
jitiqara
qamysty
qarabalyq1
qarasu
mailin
mendiqara
miras
naurzum
sarykol
tobyl
uzunkol
fedorov
arqalyq
lisakov
rudny
Bizdiń MindetimizOrtalyq tỳralyQostanaı oblysynyń Halyqtyq (Úlgili) ujymdaryQostanai oblysynyń MÚ saittarySuhbatFoto men beine galereiasy«Shabyt qanatynda» jýrnalyQostanaı obl.metsenattar klýbynyń laýreattaryBiz BAQ-taSuraq-jaýap
QOSTANAI OBLYSYNYŃMÁDENIET ÚILERINIŃAQPARATTYQ PORTALY
Qostanaı oblysy ákimdiginiń mádenıet basqarmasynyń
№1 Qazaqstanda
DK nusqasy
Оразбек ҒАЛЫМОВ: "Ел ықыласынан асқан марапат жоқ"
17.02.2022
1608
0
Көмейіне бұлбұл ұя салған, Алла бойына қабілетті құя салған өнерпаз. Оразбек Ғалымов – қызмет жолы мәдениет саласымен байланыспаса да әншілігімен ел-жұртты тәнті етіп, алғысына бөленіп жүрген жан. Шығармашылығымен жақын танысу үшін ағамызды сұқбатқа тартқан едік.
 


- Тобыл-Торғай өңіріне әншілігіңізбен танылған жансыз. Жалпы, осы өнеріңіз туралы әңгімелесеңіз. Кімнен дарыды? Қай жасыңыздан сахнаға шыға бастадыңыз? Не шабыттандырды? Жастық шаққа сапар шегіп көрсеңіз...
 
-Сөз басын әріден бастасам, мен 1964 жылы 1 ақпанда Шилі ауылындағы Балдай деген керемет қоныста дүниеге келгем. Ол – Қайнекей Жармағамбетов, С.Оспанов секілді біртуар қазақ ақындарының кіндік қаны тамған жер. Ал балалық шағым сұрапыл шайыр Ғафу Ғайырбеков өмір есігін ашқан Шұбалаң ауылында өтті. Жалпы, өнер маған атамнан дарыған деп ойлаймын. Кішкентайымнан ата-әжемнің бауырында өстім. Атамның есімі Ғабдолла, әжем аты Биғанша еді. Ол кісілер мені туған сәттен-ақ, бірер сағаттан кейін бауырларына басқан екен. Жеткіншек кезімде атам мені тізесіне алып, домбыра шертіп отыратын. Бірақ ол кісі бұл өнерін көпшілікке көрсете қоймапты. Атамнан алғаш үйренген әнім – «Молдабай». Пернесін бастырып, шегін баппен қақтырып үйретті. Одан кейін әкеммен бірге туысқан ағам Серікбай да өнер қонған жан. "Тәте" дейтінмін. Жақсы баяншы, мықты домбырашы болды. Той-томалақта ортаның сәнін келтіріп жүретін. Концерттерге көп қатысқан өнерпаз еді. Сол кісіге қарап, көп дүние үйреніп, өнерге машығып, шабыттана түстім. 1-сыныпқа келгенде менің талабымды ұштаған мұғалімдер болды. Әсіресе, Қапанова Бақытжан деген ұстазымды ерекше атар едім. Қазір Қостанай қаласында тұрады. Ол кісі керемет музыкант. Домбыра, баян, қобыз, сондай-ақ пернелі аспаптардың кез келгенін ойнай беретін. Сол апайым менің қабілетімді байқап, ең бірінші рет шыршада ән салғызғаны есімде. Мектеп қабырғасында небір үйірмелерге, небір концерттерге қатыстырды. Торғайда жыл сайын фестиваль өтетін, соған апарып жүрді. Одан жақсы жүлделер алатынмын. Кеңес заманында орысша ән айтатын адамдар беделдірек болатын еді ғой. Орыс тілінен сабақ берген апайым марқұм Қайнижамал Оразбаева орысша ән үйрететін... Мінекей, сондай ұстаздарымның арқасында өнерге етене араласып  кеттік. 
 
Бала кезімізде аядай ауылымызға Арқалықтан «Шертер», Торғайдан «Ғасырлар пернесі» ансамбльдері келетін. Бақытжан Сәуекенов, Рысты Ерденова, Отаркүл апамыз, Сайлау ағамыз сахнада ән айтқанда зал сілтідей тұнатын. Аузымызды ашып, сүйсініп тыңдайтын едік. Концерт біткеннен кейін, меймандар кеткеннен соң қай жерде жүрсем де құлақта қалып қойған әндерді қайталап айта беретін едім. Зерек болдым. Әндерді лезде қағып алып, үйге келіп, ағамның баянын шиқылдатып отырып, сүйемелдеген боламын. Сөйтіп жүріп, бұл аспапты да үйреніп алдық қой. Оқушы кезден-ақ домбыра да, гитара да тарттым. Ол 4-5-сынып оқып жүрген кездерім болса керек. Жалпы, жоғарыда атап өткен аға-апаларға еліктеп өстім.
 
Әскер қатарында жүргенде де өнерден елі ажыраған жоқпын. Солдаттар ішінде өлең айтып көзге түсіп, вокалдық аспапты ансамбльге алынып, бір жарым жыл ән салдым. Қазақ әндерін арагідік айтатынымыз болмаса, Юрий Антонов, «Земляне», «Машина времени» секілді ресейлік өнерпаздардың әндерін айтып жүрдік. Ол жақта да жүлде алған кездерім болды. Бір есімде қалғаны, үлкен гарнизонда үлкен концертте Ю.Антоновтың «Прости, земля» деген әнін орындамақ болып дайындалып жатқанмыня, бір майор мені шақырып алып: «Қай ұлтсың?» деп сұрады. «Қазақпын» дедім. «Мына өлеңді екінің бірі айтады, сен «Әлия» деген әнді білесің бе? Соны орындасаң, 1-орынға кепілдік берем» деді. Қазақстанның Қызылордасында болған кісі екен. Сол әнді орындап, Гран При иелендім. Әскерден соң Сужарған ауылына келдім. Электр дәнекерлеуші болып жұмысқа араластым. Онда да өнерден алыстамадым. Аудандық концерттерге қатысып жүрдім. Артынан шопырлық мамандық алып, жұмыс бабымен Арқалық қаласына көштім. Үйленген кезім-тін. Қазіргі Халық ақыны Қонысбай Әбіл ағамызға шопыр болып орналастым. Сол кісінің қасында бір жылдай жүргенде біраз нәрсе үйрендім, миыма тоқып алған рухани дүнием көп болды. Өнерімді өрістете беруге ол да бір себеп болған шығар. Бір ақынның ауылында туып, бір ақынның елінде балалық шағым өтті, бір ақынның қасында атқосшы болып жүріп, көп дәріс алдым. Бұл да кездейсоқтық емес, басыма бұйырған бақыт шығар деп ойлаймын.  

 
- Әншілік жолды кәсіби тұрғыда жалғастырдыңыз ба? Музыкалық біліміңіз бар ма? Осы салада қызметтер атқардыңыз ба, әлде таңдауыңыз басқа болды ма?
 
- Бала кезімізде радио мен теледидардан малшы, қойшы, тракторшы, сауыншыларды насихаттап, сол кісілерді құрметтеп, еңбек адамдарына арнап ән беріп, марапаттап жататын. Ол кезде әншілердің қазіргідей мансабы болмайтындай көрінетін. Сондықтан әншілік қабілетім барын біле тұра, үйдегілер осы жолға түскенімді қаламаған болуы керек. "Оқуға апарып, жұлдыз қылу керек" деген мақсат ол кісілердің ойына да кірмеген шығар. Оның үстіне, бала кезімде техникаға деген әуестігім де ерекше болды. Ағаларымның бәрі механизатор еді. Сабақтан шыға салысымен сол кісілердің қасына баратынмын. Сондағы қызығушылық – тракторға міну. Реті келсе, жүргізіп көру, қалай жүріп-тұратынын білу, үйрену. Мұнымды бәрі байқайтын болса керек. Сондықтан әншілікті кәсіби түрде қууға, осы өнерді оқуыма ешкім бағдар берген жоқ. Жастықтан ба екен – өзімнің де соны таңдауға желкем жар бере қойған жоқ. Қалаған жерде айтармын, бірақ ол кәсіп бола ма деп ойладым ба екен? Бойымдағы сол қасиетімді бағалаңқырамадым десем де болады. Дей тұрғанмен, әскерден келгеннен кейін бір жаздың күні, есімде, еңбек демалысын алып, Қостанайға келіп, мәдениет саласына емтихан тапсырып көрдім. Бестік баға алып, оқуға түсіп тұрдым да. Бірақ марқұм анам мен совхоз директоры отырып алды: «Оны қайтесің? Шайтанның оқуы. 35 жастан кейін керексіз болып қалады, саған қажеті жоқ. Ондай адамдарды білеміз», - деп біраз әңгіме айтып, мені ақыры райымнан қайтарды. Оқу сол қалпынша қалды. Обалы нешік, «келіңіз, оқуыңызды жалғастырыңыз» деген хат та жолдады оқу орны. Бірақ бармай қалдым. Ұзын сөздің қысқасы, музыкалық білімім жоқ. Арқалыққа келгеннен кейін де музыкалық училищеге түсуге қолқа салғандар болды.  Бағлан Омаров, Асыл Жыңғылбаев деген дарынды сазгер жігіттер сонда музыкадан сабақ беретін. Мен ол кезде асаба болып жүрдім, олар менің музыкантым болатын. Солар ғой: «Ореке, келіп тізіліп кетсең қайтеді? Құжаттарыңды тапсырып, емтихан кезінде келіп тұрсаң, мүмкін диплом алып шығасың» деп ырғап көрген. Ол жолы да сол баяғы жастықпен «Әй, қайтесің, керегі не?» деп қолды бір сілтедім. Бірақ осы күндері, әрине, іште өкініш бар. "Әттеген-айы" көп болса да, өткенге салауат дейміз.

 
- Қандай бағыттағы әндерді айтқан жаныңызға жақын? Сізді Торғай ән мектебінің насихатшысы деп есептеуге бола ма? Қандай өңірлік композиторлардың туындыларын орындадыңыз?
 
- Мен енді, Аллаға шүкір, белгілі бір бағытым ғана бар демеймін, барлық жанрдағы әнді айта беремін. Жеке де, ансамбль, оркестрмен де, баяныммен, домбырамен де шырқаймын. Оның ішінде халық әндері, сазгерлердің әндері, дәстүрлі әндер, классикалық әндер, терме секілді бағыттардың ешқайсын жатырқамаймын. Қазақ, орыс, қырғыз, өзбек, парсы, татар тілдерінде ән салып көрдім. Ал қазір "Инстаграм", "Фейсбук" сынды әлеуметтік желілерге орындаған әндерімді жүктеп жатамын ғой, сонда кейбір кісілер тәнтіліктерін айтып, "Тобыл-Торғай өңірінің әндерін насихаттап жүрген әнші» деп лебіз жолдап жатады. Соған өзім қуанып қаламын. Шынына келгенде, даңқты сазгер Болат Хамзиннен бастап, Бақытжан Сәуекенов, Қалибек Деріпсалдин, Болат Молдашев, Ғалымжан Құрманов, Алтынбай Сейітқасымов, Қонысбай Әбіл секілді керемет тұлғалардың әндерін өте жиі орындаймын. Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Әбілахат Есбаев, Ілия Жақановтардың туындылары өз алдына бір төбе. Кейінгі буыннан өз замандастарым Бағлан Омаров, Асыл Жыңғылбаевтың, інілерімнің ішінен Жарқынбек Деріпсалдиннің әндерін айтып жүрмін. Әсіресе, ағаларымның әндері жүрегіме жата қалатын. Ол кісілер маған бір әнін берсе, сазы мен сөзін айналасы екі сағаттың ішінде жаттап, баянға немесе домбыраға түсіріп, оңай айтып кетем. Алдыңғы кезекте аттарын атап кеткен жерлес ағаларымның әндерін толық білем десем, өтірік айтпағаным болар еді.
 
- Қандай жетістіктеріңіз бар? Жеке ән қоржыныңыз бар ма?  Қазіргі уақытта сахнаға қаншалықты жиі шығып жүрсіз?
 
- Әңгіме басында сөз орайы келгенде айтып кеткенімдей, 1986 жылы Торғайда Сырбай, Ғафу секілді майталман ақындар қатысқан үлкен концерттер болды. Сонда "Байқоңыр" деген әнді орындап, Гран При алған едім. Сыйлыққа фотоаппарат иеленгенім есімде. Әнді Бақытжан Сәуекенов жетекшілік еткен "Шертер" ансамблінің сүйемелдеуімен орындадым. 1995 жылы Арқалықта Абай атамыздың 150 жылдығына арналып өткізілген облыстық байқаудан бас жүлде алдым. Өнер саласында қызмет жасамағасын, сахналарда тиіп-қашып ән айтып жүргеннен кейін бе, еленбей, көзге түспей қалып жатқан кездерім көп болды, жасыратыны жоқ. Жүлде алып тұрған жерімнен қазылардың біреулерге беріп жіберген сәттері болды. "Әй, бұл жігіт ол жерде істемейді ғой, біздің бәленше мекемеге, түгенше өнер ұжымына абырой керек қой, газетке, радио, телеарналарға нақты ақпарат шығады, қызметте жоқ болса, қалай алып тұр демей ме?" деген секілді уәждерін айтып, артқа тартатын жағдайларды көзіміз көрген соң "жарар, шынында да солай шығар" деп бұрылып кетіп қалған шақтарымыз болды. Өзім 30 жыл шопыр болдым. Бірақ сонда да өнерді қоса алып жүрдім. Аллаға шүкір, жаман болып, кеміп қалған жоқпын деп ойлаймын. Кейінірек Алтынсарин ауданына отбасы жағдайымен көшіп барғанымда өнеріме тағы бір тың серпіліс болды. Біржан Жүзбай, Айбек Сыздықов деген өнерпаз азаматтар келіп, орысы басымырақ ауданда қазақи іс бастап, өз еңбектерімен "Мұрагер" деген халық аспаптар ансамблін құрды. Мені де қатарларына шақыртып, сол ансамбльде 5 жылдай ән шырқадым. Оның сыртында, асабалық өнермен де талай көпшіліктің алдында той жүрігізіп, ән салып, ыстық ықыластарына бөлендім. Бұны да елден алған рухани жүлдем деп есептеймін. Жұрт разылығын алып жүрсең, ол да зор ғанибет емес пе. 
 
Ал енді қоржынымда 1-сыныптан бастап есептесем, осы жасқа келгенімше қыруар ән жиналды дей аламын. Мана айтқанымдай, барлық жанрда, бірнеше аспапта, көптеген тілде айтатын әндер қатары жеткілікті, нақты санын кім біліпті. Дәстүрлі нақышта, эстрадалық нұсқада да ән шырқау қолдан келеді. Амандық болса, қоржын әлі де толыға түсер деп үміттенемін. 
 
Концерттерге, Аллаға шүкір, шығып жүрмін. Қаладағы үлкен мәдени іс-шараларға шақыру алып, қатысып тұрамын. "Салада жүмыс істемейсің" деп шеттетіп жатқан жоқ. Өнерімді сыйлап, құрметтеп жататын аға-апаларыма, іні-бауырларыма алғысым шексіз. Ана жылы Серікбай Оспанов ағамыздың 70 жылдығында ән шырқадым мәселен. "Бес саусақ" деген туындысын сахнаға шығарып, елдің құрметіне бөленіп, ағамыздың алғысын алдым. Қалибек Деріпсалдин, Алтынбай Сейітқасымов ағаларымның концерттеріне атсалысып, оның ұйымдастырылуына мұрындық болып, үлес қосқанымды айта кеткенімнің айыбы жоқ шығар. Өткен жаз айында Бақытжан Сәуекенов ағамыздың да мерейтойлық концертінде қатысып, ансамбльмен жақсы әндерін орындап бердік. 

 
- Алдағы уақытқа қандай жоспарлар құрып отырсыз? Жеке шығармашылық кешіңізді өткізу ойыңызда бар ма?
 
-Кеш өткізу көптен талқыда жүрген жәйт еді. Рысты Ерденова апамыз бірнеше жыл бұрын: "Оразбек, өзіңді бала кезіңнен білемін. Көп жылдар бойы халықтың алдында жүрсің. Анау Торғай, Арқалық, мынау Қостанай өңіріне, Алтынсарин ауданына сіңірген азды-көпті еңбегің бар. Өнеріңді, дарыныңды ел-жұрт біледі. Бір кешіңді неге өткізбейсің, ботам? Жүре бересің бе осылай?" -деп қолқа салған еді. Мен де: "Апа-ау, қайтесіз, мен бұл салада жұмыс істемеймін ғой" деп қысқа қайырып, алдын бермей тайқып кете беретін ем. Биыл Алтынсарин ауданындағы Біржан, Айбек бауырларым да өтініш білдіріп: "Аға, кешіңізді өткізейік. Сіздің ән қоржыныңыз мол. Біздің ансамбльге де еңбегіңіз сіңді. "Мұрагердің" көтерілуіне біраз атсалыстыңыз. Еңбегіңізді көрсетейік халыққа", - деп қайта-қайта өтініш айтып жүр. Оларға да "Ой, қайтесіңдер, бауырларым? Концерттерге былай да қатысып жүрмін ғой" деп мойынсұнбай жүрдім. Бірақ жігіттер ақыры "бетімді бері қаратқандай" болды. Оның үстіне, қазір өзім қызмет етіп жатқан Қостанай облыстық халық шығармашылығы орталығынның басшысы Дәмер Қалқаев та қолдау білдіретінін айтып отыр. "Ореке, кешіңізді өткізейік. Ағайын-бауырлар қолдап жатса, демеу көрсетуге дайынбыз. Бұйыртса, алдағы жазда кешіңізді ұйымдастырайық" -деді. Сөйтіп, жақсы бір ұйғарымға келген секілдіміз. Шынын айтқанда, бұған қуанбасам ренжіген жоқпын. "Бісміллә" деп осы кешті қолға алу ниетіміз бар. Елдегі індеттің беті ары қарап, ахуал жақсарып, мүмкіндік туып жатса, шығармашылық кешімді өткізем бе деп бекініп отырмын. Әрине, бәрі уақыт еншісінде.

 
- Бәрекелді, сәтті жүзеге асуына тілектеспіз! Ал енді әке ізін басып, өнер жолына түскен балаларыңыз бар ма? Өнерпаз болғанын қалар ма едіңіз? 
 
-Алла берген екі қыз, бір ұлым бар. Екі қызым ел астанасында тұрмыста. Ұл балам өзіммен бірге тұрады. Жанұясы бар. Немерелімін. Енді олардың ешқайсына "өйтіңдер, бүйтіңдер" деген емеспін. Бірақ үлкен қызымның бойынан кішкентайынан керемет әншілікті байқағанмын. Содан оны 2004 жылы Қостанай қаласына алып келіп, институтқа оқуға түсірдім. Ол кезде белгілі домбырашы, сұңғыла азамат, жақсы сыйласатын марқұм Абай Әмірханов ағамыз бар еді облыс орталығында. Қызым сол кісінің домбыра сыныбынан дәріс алды. Дипломға ие болған соң Алтынсарин ауданында Мәдениет үйінде жұмыс істеді. Кейін елордаға тұрмысқа шықты. Қазір сол қаладағы мектептердің бірінде музыка пәнінен сабақ береді. "Әке балаға сыншы" деген, қызымның әншілік қабілетін өте жоғары бағалаймын. Екінші қыз балам да мектеп қабырғасында арагідік ән салып жүретін, би билейтін. Бірақ өсе келе өнерді қойып, басқа бағытты таңдады. Ал ұлым Айбардың да бір қағары бар екенін білемін, бірақ менің көзімше ән айтпайды. Он шақты жыл болып қалды, әуежайда шопыр болып жұмыс істейді. Арасында өздерінің отырыстарында, басқосуларда ән шырқайтынын естимін. Той басқарған азаматтар да: "Оразбек аға, балаңыз әнші екен ғой. Неге осы жолды қумайды? Неге айтпайсыз?" деп айтып келеді. "Өз қалауы біледі ғой" деймін мен. Ешқайсына талап қойғым келмейді. "Бір үйге бір әнші жетеді" деп те қоямын. Бастысы, бастары аман болып, өмірлік бағыттарын жаңылмай тапса, дұрыс таңдау жасаса болды.

 
- Әңгімеңізге көп рахмет!
Pikirler (0)
Jiberỳ
MÁDENIET ÚILERINIŃ JAŃALYQTARY
bólimge ótý >>
21.12.2024
Қостанай қ. дом культуры
Video by @amangeldytelmanov
21.12.2024
Қостанай қ. дом культуры
21 желтоқсанда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Тілектерді орындау автобусы» атты жаңа жылдық қайырымдылық бағдарламасы өтті
20.12.2024
Денисов дом культуры
2024 жылдың 20 желтоқсан күні Денисов аудандық мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы Свердлов жалпы білім беретін мектебінде «Мәдени мұра» концерттік бағдарламасымен өнер көрсетті
20.12.2024
Денисов дом культуры
2024 жылдың 20 желтоқсан күні Денисов аудандық мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы Әйет жалпы білім беретін мектебінде «Мәдени мұра» концерттік бағдарламасымен өнер көрсетті
20.12.2024
Қостанай қ. дом культуры
ALAU TV: Қостанай қаласында жылдың үздік спортшылары ұлықталды
19.12.2024
Денисов дом культуры
2024 жылдың 19 желтоқсан күні Денисов аудандық мәдениет үйінде ақын Фариза Оңғарсынованың туғанына 85 жыл толуына орай «Қазақ поэзиясының жаны» атты мәнерлеп оқу байқауы өтті
19.12.2024
Денисов дом культуры
2024 жылдың 19 желтоқсан күні Заәйет ауылында тұрғындардың табиғи газға қол жеткізуін қамтамасыз ететін газ құбырының салтанатты ашылуы өтті. Жаңа инфрақұрылым нысаны үйлерді жайлы жылытуды және энергия шығындарын азайтуды қамтамасыз ете отырып, жергілікті халықтың өмір сүру сапасын едәуір жақсартады
18.12.2024
Қостанай қ. дом культуры
#REPOST @marat_zhundubaev ✅ Бүгін біз 2024 жылы республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған Қостанай қаласының үздік спортшыларына құрмет көрсеттік
15.12.2024
Қостанай қ. дом культуры
#туғанжер #Меніңелімментуым #Менің_елім_мен_туым
15.12.2024
Қостанай қ. дом культуры
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік Күні құтты болсын! 
14.12.2024
Қостанай қ. дом культуры
#REPOST @culture_qostanai Тобыл-Торғай төрінде тақ-тақ ақын Нұржан Наушабайұлы атындағы «Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен» республикалық жыршы-термешілер, дәстүрлі ән фестивалі жоғары деңгейде өтті
13.12.2024
Денисов дом культуры
2024 жылдың 13 желтоқсан күні Денисов аудандық мәдениет үйінде 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының құрбандарын еске алу күніне орай «Тәуелсіздік таңы» атты тақырыптық бағдарлама өтті
13.12.2024
Б. Майлин дом культуры
Тәуелсіздік күніне орай
11.12.2024
Денисов дом культуры
2024 жылдың 11 Желтоқсан күні «Таза Казахстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Денисов аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері аудандық мәдениет үйінің іргелес аумағын тазартты.
11.12.2024
Қостанай қ. дом культуры
Қостанайда тақ-тақ ақын Нұржан Наушабайұлына арналған «Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен» атты республикалық жыршы-термешілердің фестивалі өтеді
10.12.2024
Қостанай қ. дом культуры
«JAS star.kst» қалалық шығармашылық конкурс өткізу туралы ЕРЕЖЕ
09.12.2024
Денисов дом культуры
2024 жылдың 6 желтоқсан күні Денисов аудандық мәдениет үйінде «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясы аясында "Мир в семье"атты дөңгелек үстелі өтті
08.12.2024
Денисов дом культуры
2024 жылдың 8 желтоқсан күні Денисов аудандық Мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасын іске асыру шеңберінде Окраинка ауылының тұрғындарына «Туған елім - туған жерім» атты концерттік бағдарламасын ұсынды.
08.12.2024
Денисов дом культуры
2024 жылдың 8 желтоқсан күні Денисов аудандық Мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасын іске асыру шеңберінде Комаровка ауылының тұрғындарына «Туған елім - туған жерім» атты концерттік бағдарламасын ұсынды.
08.12.2024
Денисов дом культуры
2024 жылдың 8 желтоқсан күні Денисов аудандық Мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасын іске асыру шеңберінде Приреченка ауылының тұрғындарына «Туған елім - туған жерім» атты концерттік бағдарламасын ұсынды.
ÓZGE JAŃALYQTAR
MÁDENIET ÚILERINIŃ JAŃALYQTARY
Video by @amangeldytelmanov
Автор: Қостанай қ. дом культуры
21.12.2024
Ary qaraı
#туғанжер #Меніңелімментуым #Менің_елім_мен_туым
Автор: Қостанай қ. дом культуры
15.12.2024
Ary qaraı
Тәуелсіздік күніне орай
Автор: Б. Майлин дом культуры
13.12.2024
Ary qaraı
Baılanys aqparattary:
Qostanaı oblysy ákimdigi mádenıet basqarmasynyń "Oblystyq qórkemónerpazdardyń halyq shyǵarmashylyǵy men kınobeıneqor ortalyǵy" KMQK
Zańdy mekenjaıy:
110000, Qazaqstan Respýblıkasy, Qostanaı q.,
Lermontov kόshesi, 15
Rekvızıtter:
BSN 990340002744
JSK KZ8594807KZT22031664
«Eỳraziialyq bank» AQ
BSK EURIKZKA
Telefony:
+7 (7142) 562-428
+
Сообщение сайта
+
Заказ обратного звонка
ОТПРАВИТЬ
+
Рұқсат
Kirý