«Сағындырған әуендер» рубрикасы танымал композитор Шәмші Қалдаяқов әндері тақырыбын жалғастырады.
Бүгінге дейін «Ақ бантик» әні талай әншінің ән қоржынына енді. Бұл әнді қазақ саз өнерінің майталмандарымен қатар, жас орындаушылар да сынын бұзбастан орындап келеді.
Әннің тарихын біле отырайық.
Сазгердің Қаражан Әбіләзимов есімді досы шаңырақ көтеріп, тойына бір топ жолдастарды шақырады. Араларында сазгер Шәмші мен ақын Мұхтар да бар екен. Олар «Тойға берер сыйымыз кәне? Одан да ән арнайық» деп, ән жазуға кіріседі. Қаражан достың таңдаған жұбайы жаңада мектеп бітірген балауса қыз екен. Осыны арқау етіп, ақын мен сазгер «Ақ бантик» әнін дүниеге әкеліп, жолдастарының үйлену тойында тарту етіп, шырқап береді.
Әу баста, әннің сөздері өзгеше болып, кейін өзгертілген екен.