Күйдің аңызы: «Ақын Даниал Дікейұлының «Ертіс толқыны» туралы ел аузында аңыз желісімен жазған өлеңі негізінде жазылды. Онда: Алтай тауының оңтүстік-батысынан бас алған сансыз бұлақ, өзендер Қара Ертіс, Бала Ертіс, Қу Ертіс қосылып, Дала Ертіс болып Жайсаң көліне келгенде, Жайсаң бұған мән бермей жатып алады екен. Сонда ашуға мінген Ертіс: Арасан Қаба – ұлым, Тұлымды Қаба – қызым, Қыран – қойшым, Бұқтырма кенжем, Шеміршек – жиенім тұрғанда сен маған қалайша жол бермейсің – деп, Жайсаң көлін қақ жарып, тіліп өтіп, Ақ Жайыққа қарай бірақ тартқан екен. Ертістің сол ашулы ағыс толқыны күймен бейнеленген деседі күйші қариялар».