Ұлттың рухани байлығы – ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, өнері мен қолөнерінде

Атадан балаға мирас болып жеткен осынау асыл мұраны көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аманаттау – бүгінгі буынның басты міндеттерінің бірі.
Осы бағыттағы тәжірибе алмасу мен кәсіби байланысты нығайту мақсатында Қарағанды қаласында материалдық емес мәдени мұраны сақтау мәселелеріне арналған семинар өтті. 2026 жылғы 29–30 қазан күндері ЮНЕСКО-ның техникалық гранты аясында ұйымдастырылған басқосуға Қостанай облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығының мәдени-демалыс жұмысы және халық шығармашылығы ұйымының жетекшісі Бибігүл Баженова қатысты.
Тағылымды шараға Қазақстан Республикасының Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комитетінің өкілдері, белгілі сарапшылар, мәдениет пен өнер саласының мамандары, сондай-ақ Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарынан келген делегациялар жиналды. Семинардың басты мақсаты – халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мұрасын анықтау, есепке алу, құжаттау, сақтау және кеңінен насихаттау бағытындағы озық тәжірибелермен бөлісу. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарды жаңғыртуда өңірлер арасындағы байланысты нығайтуға басымдық берілді.
Семинардың алғашқы күні қатысушылар Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейіне барып, өңірдің бай тарихи-мәдени мұрасымен танысты. Одан кейінгі кәсіби кездесулерде дәстүрлі ғұрыптық мәдениетті сақтау, айтыс өнерін дамыту, терме мен күйдің насихатталуы, кілем тоқу кәсібін жаңғырту, сондай-ақ материалдық емес мәдени мұраны жеткізушілерді анықтау және олардың еңбегін құжаттау мәселелері кеңінен талқыланды. Әсіресе, ЮНЕСКО-ның техникалық гранты аясында жүзеге асырылып жатқан жобаның мақсат-міндеттері мен нәтижелеріне ерекше назар аударылды. Мамандар әр өңірде қалыптасқан тәжірибелерімен бөлісіп, ұлттық мұраны бүгінгі заман талабына сай сақтаудың жаңа тәсілдерін ортаға салды.
Ал екінші күннің бағдарламасы халық шығармашылығы мен ұлттық өнердің озық үлгілеріне арналды. Қатысушылар Достық үйіне барып, Қарағанды облысы шеберлерінің қолөнер көрмесін тамашалады. Көрмеде қолдан жасалған бұйымдар, ұлттық киімдер, қазақы ою-өрнектің ерекшеліктері мен дәстүрлі қолөнер туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Әрбір бұйымнан халқымыздың талғамы, танымы мен шеберлік дәстүрінің ізі байқалды. Бұдан кейін семинарға қатысушылар «Қайрат» спорт мектебінде ұйымдастырылған ұлттық ойындар мен спорт түрлерінің көрсетілімін тамашалады. Атап айтқанда, құсбегілік, асық ату, бес асық, садақ ату және тоғызқұмалақ өнерінің ерекшеліктері таныстырылды. Бұл көріністер ұлттық ойындардың тек көңіл көтеру құралы емес, халқымыздың дүниетанымы мен өмір салтын танытатын рухани мұра екенін тағы бір аңғартты.
Сапар қорытындысы бойынша Бибігүл Баженова мұндай басқосулардың мәдениет саласы мамандары үшін маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, тәжірибе алмасу арқылы әр өңір өзара байланысын нығайтып қана қоймай, ұлттық мұраны сақтаудың тиімді жолдарын да үйренеді.
«Менің ойымша, мұндай кездесулер өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға, дәстүрді жеткізушілерді қолдауға және халқымыздың бай мәдени мұрасын келер ұрпаққа аманаттауға үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар әріптестеріміздің жұмысымен танысып, олардың тәжірибесінен тағылым алуға, тың бастамалар мен тиімді әдістерді өз жұмысымызға енгізуге жол ашады. Материалдық емес мәдени мұраны сақтау – тек мәдениет саласы мамандарының емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті», – дейді Бибігүл Баженова.
Расында да, материалдық емес мәдени мұра – өткеннің естелігі ғана емес, бүгінгі ұрпақтың рухани тірегі. Күй мен терме, айтыс пен қолөнер, ұлттық ойындар мен салт-дәстүрлер – халқымыздың болмысын айқындайтын баға жетпес қазына. Оларды сақтап, жаңғырту арқылы біз ұлттық жадымызды жаңғыртып, ұрпақтар сабақтастығын жалғаймыз. Өйткені дәстүрі сақталған елдің тамыры терең, рухани қазынасы бай. Ал атадан қалған асыл мұраны келер ұрпаққа жеткізу – баршамызға жүктелген аманат.

