«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Алтынсарин ауданы Большая Чураковка ауылында мәдениет үйі салынып, бүгін салтанатты ашылуы өтті
Бұл ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш болып, өңірдің мәдени өміріне тың серпін берді.
Салтанатты шараға осы өңірдің тумасы, Мәдениет саласының үздігі Салтанат Жақаева, облыстық халық шығармашылығы орталығының басшысы Дәмер Қалқаев, аудан басшылары, ауыл тұрғындары және өнерпаздар қатысты. Ашылу рәсімінде ақсақалдар бата беріп, салтанатты түрде лента қиылды, шашу шашылып, жаңа мәдениет ошағының есігі айқара ашылды.
Жаңа мәдениет үйі заманауи талаптарға сай жабдықталып, түрлі мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға қолайлы жағдай жасалған.
Салтанатты ашылу рәсімінен кейін жиналған қауым үшін ауыл өнерпаздарының қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды. Жергілікті тұрғындар жаңа нысанның ауыл өміріне оң ықпал ететініне сенім білдіріп, осындай игі бастамалардың жалғасын табуын тіледі.