Әулиекөлдік «Шабыт» театры өнер сүйер қауымды жаңа қойылымымен қуантпақ. Театр түрлі мамандық иелері мен әр жастағы адамдардың басын біріктіре отырып, Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының сахнасында үлкен премьераға дайындалуда. Бұл қойылым тек шығармашылық жеңіс емес, сонымен қатар қоғамға арналған терең әлеуметтік үндеу болмақ.
Қойылымның басты тақырыбы – қазіргі заманның күрделі мәселелерінің бірі – тәуелділікпен күрес. Құмар ойындарға әуестік пен нашақорлық сияқты қоғамды күйрететін жайттар спектакльдің негізгі желісіне айналады. Шығармада осы зиянды әдеттердің адамдардың өмірін қалай күйретіп, отбасылық құндылықтарды жойып, жақындар арасындағы сенімді қалай жоғалтатыны суреттеледі. Кейіпкерлер тағдыры арқылы тәуелділіктің салдары – отбасының ыдырауы, жақындарын жоғалту және ең бастысы, өмірдің мәнінен айырылу – көрерменге шынайы әрі әсерлі түрде жеткізуге тырысады.