Солтүстік Қазақстан облысынан кейін Президент борты Қостанай облысына ұшып келді. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі қазіргі ахуалмен танысу үшін тікұшақпен су басқын аумақтарды аралап көрді.
➤ Облыс әкімі Құмар Ақсақалов су тасқынына байланысты өңірдегі алты аймақта төтенше жағдай жарияланғанын айтты. Облыстағы 492 ауылдың 11-і су тасқынынан зардап шекті. Қазіргі кезде жағдай тұрақталды. Алайда әлі де 51 үй су астында қалып отыр. Бұдан бөлек, 4 көпірді, 7 жол учаскесін су шайып кеткен, 1414 электр бағанына нұқсан келді. Нәтижесінде Қостанай мен облыстың оңтүстігіндегі аудандар арасында көлік қатынасы қиындап, 13 елді мекенді электрмен қамтамасыз ету мәселесінде түйткілдер пайда болды.
➤ Сонымен қатар Президентке облыстың негізгі гидротехникалық нысандарының, атап айтқанда Қаратомар, Жоғарғы Тобыл және Желқуар су қоймаларының жай-күйі жөнінде мәлімет берілді. Құмар Ақсақалов елді мекендер мен инфрақұрылымдарға төнетін қауіптің алдын алу үшін су қоймаларынан жіберілетін су мөлшері ұдайы бақылауда ұсталатынын айтты.
➤ Жалпы, өңірдегі дамбаларды бекіту, инертті материалдарды төгу нәтижесінде Тобыл қаласын, Амангелді ауданының орталығын және басқа да елді мекендерді су басу қаупінен сақтап қалу мүмкін болған.