Сырлы әуенімен елін әлдилеген, Қостанай мен Торғайдың Шәмшісі атанған Қалибек Деріпсалдин ағамыздың есімі елге танымал. ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ҚР Композиторлар Одағының мүшесі, талантты жерлесіміздің өнер әлемінде өзіндік қолтаңбасы, ерекше стилі бар. Талғамы биік тыңдарманның жоғары бағасын алған, құрметке бөленіп, қазақ өнерін байытуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан сырлы сазгер, таланты мен азаматтығы қатар жүрген қажырлы қайраткер.
Ұзақ жыл қазақ руханиятына қалтқысыз қызмет етіп, халқына бірнеше сұлу әндерді сыйға тарттыңыз. Ел арасына кең тараған «Айлы түнде», «Асыл құрбым», «Ұстаз арманы», «Көктем – қыздар» жəне тағы басқа әсем сазбен көмкерілген мағыналы әндеріңіз елді тербетті. Талғампаз тыңдарманның ыстық ықыласына бөленіп келесіз.
Алдағы уақытта да еселі еңбегіңіз берекелі болып, толайым шығармашылық жетістіктерге қол жеткізе беруіңізге тілектеспіз. Өнердің дамуына қосқан елеулі үлесіңіз үшін Сізге алғысымызды білдіріп, мерейтойыңызбен құттықтаймыз! Өзіңізге зор денсаулық, шығармашылық табыс, əулетіңізге құт-береке тілейміз. Көңіліңіз көктемдей жайнай берсін. Туған күніңізбен, жақсы аға.
_____________
Ізгі тілекпен:
Облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығының ұжымы