Орналасқан жері: Қостанай ауданы, Владимиров ауылынан 12 шақырым жерде
Ақын, философ Нұржан Наушабайұлының (1858-1919) жерленген жері Қостанай ауданы Владимиров ауылының ескі мұсылман зиратында орналасқан. Нұржан Наушабайұлы қазіргі Қостанай ауданында дүниеге келген. Алғашында ауыл молдасынан сауат ашып, кейін Троицк қаласындағы медреседе оқиды. Өз бетінше білім қуып орыс, татар, башқұрт және басқа да түрік тілдерін жетік меңгерген. Нұржан Наушабайұлы ағартушы-педагог Ы.Алтынсариннің жақын достарының бірі болған.
Ақын шығармашылығының негізгі тақырыптары - оқуға, өнер-білімге шақыру, надандықты әшкерелеу, әдет-ғұрыпты сақтау, адамгершілік қасиеттерді насихаттау, батырлық пен қаһармандықты жырлау. Н.Наушабайұлының көптеген әндері ауыздан ауызға жетіп, халық жадында сақталған.