Еліміздің барлық өңірінен келген сала өкілдерінің, зиялы қауымның басын қосқан іс-шара мәдениет пен өнер төңірегіндегі көптеген түйткілді мәселені ортаға салды.
Форумға республиканың түкпір-түкпірінен 500-ден аса делегат келген. Олар - еліміздің мәдениет, руханият саласындағы көрнекті тұлғалар, өнер саңлақтары, белгілі қаламгерлер. Оған Қостанай облысынан да делегаттар барып, қатысты. Форумды ҚР Мәдениет және спорт министрі Даурен Абаев ресми түрде ашып, бүгінгі және болашақ рухани бағыт-бағдарымызға байланысты келелі баяндама жасады.
Форум аясында Президентіміздің Жарлығымен бекітілген 50-ге жуық азаматқа «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын салтанатты түрде табыстады. Аталған марапат салаға бар саналы ғұмырларын арнаған нағыз мәдениет майталмандарына берілді. Оның ішінде І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының басшысы МЫРЗАХАН Әлімхан Мырзаханұлы да бар.
Алматы шаһарында күні бойы түрлі форматта форум жұмыс істеді. Оларда өзекті тақырыптар көтеріліп, спикерлер пікірлерін ортаға салды.