2 наурыз күні Облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығының қызметкерлері Қостанай ауданына жұмыс сапарымен барды. Атап айтқанда, Заречный кентіндегі "Современник" және Октябрь ауылындағы "Мерей" мәдениет үйлерінде болды.
Жөндеуден өтіп, жаңа кейіпке енген мекемелердің қазіргі тыныс-тіршілігімен танысты. Орталық қызметкерлері аталған мәдениет үйлерінің басшылығымен жұмыс барысы туралы кеңесіп, қызметтерін алға бастыру тұрғысында ұсыныстарымен бөлісті.
Айта кету керек, бұл екі елді мекендегі мәдениет үйлері жөндеу көріп, тынысы кеңейіп қана қоймай, жаңа үйірмелер ашылған. Қазір олар өнердің әр саласы бойынша жеткіншектер мен жасөспірімдер, дарынды өркендер тәлім алатын ортаға айналып үлгерді. Қонақтарға үйірмелер жұмысы да жан-жақты баяндалып, қызмет барысы көрсетіліп, келешек жоспарлары баяндалды.