Тақтақ ақын, дәулескер күйші, даңғайыр жыршы, сом білекті балуан, сегіз қырлы, бір сырлы тұлға Нұржан Наушабаев атындағы «Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен...» атты республикалық жыр-терме, дәстүрлі ән орындаушылардың республикалық байқауы екінші рет өткелі отыр.
Осы өнер додасына елдің бірнеше өңірінен 18 өнерпаз қатысады. Атап айтқанда: Алматы қаласынан Жасұлан Өтемұратов, Айбике Таңатарова және Ибраһим Дәулетов, Нұр-Сұлтан қаласынан Кәмшат Тұрабекова, Таңат Мұқашев, Нұрдәулет Қауланбекұлы, Ақылтай Зекенов, Біржан Айтахметов және Ұлдана Нұртуған, Семейден Бауыржан Айдан, Сыр өңірінен Малика Алдамжарова, Жезқазған қаласынан Сағымбай Мәлібек, Балқаш қаласынан Нұрболат Ұзақбай, Ақмола облысынан Диана Алтайқызы Шымкент шаһарынан Қылышбек Сынабай осы байқауда бақ сынайды. Ал Тобыл өңірінің намысын Байдос Қожасағиев (Меңдіқара ауданы), Арғынбек Бейбітхан (Федоров ауданы) және Нұрсұлтан Қасым (Қостанай қаласы) қорғамақ.
Айта кетейік, республикалық байқаудың алғашқы кезеңі онлайн форматында өткен еді. Қазылар алқасы үміткерлер бейнежазба түрінде жолдаған шығармаларды саралап, лайықты бағаларын берген. Енді қатысушылар астыұты аймақта өтетін жыр-терме, дәстүрлі ән сынағының соңғы айналымында өнер көрсетіп, жеңімпаз бен жүлдегерлері анықталады.
Естеріңізге салайық, республикалық байқау 20 қарашада Тобыл қаласындағы "Алтын дән" мәдениет үйінде сағат 15.00-де басталады. Баршаңызды ұлт өнері ұлықталып, дала сазы әуелейтін әсем де әсерлі кештің куәсі болуға шақырамыз.