Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Өнеріміз саған, Қазақстан!» атты ХХХІV облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы фестивалі Науырзым ауданында жалғасын тапты.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, аталған фестивальдің негізгі мақсаты – әр аудандар мен қалалардағы жаңа талантты шығармашылық ұжымдар мен орындаушыларды анықтап, қолдау көрсету.
Үздіктер іріктеліп, шын дарындар сұрыпталатын байқауда науырзымдық өнерпаздар да барлық мүмкіндіктерін көрсетіп, мәдени сынға тастүйін дайындалғандарын көрсете алды. Жергілікті сахна шеберлері фестивальге ұзын саны 15 нөмір әзірлеген. Атап айтқанда, Халықтық «Науырзым әуендері» қазақ ұлт аспаптар ансамблі күй орындап, дәстүрлі әншілерді сүйемелдесе, Әлменовтер отбасылық ансамблі, Халықтық «Армандастар» вокалды аспаптар ансамблі, «Аққурай» вокалдық-домбырашылар тобы өнерлерімен көпшілікті таң-тамаша етті.
Басқа да жеке орындаушылардың ән шашуын көпшілік ерекше ықыласпен қабыл алды. Қазылар алқасы да науырзымдық дарындарға жақсы деген баға берді.