Кеше Қарасу ауданында 37-ші «Өнеріміз саған, Қазақстан!» облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығының байқау-фестивалі өтті
Фестиваль бағдарламасы театрландырылған қойылыммен ашылып, одан кейін ауданның үздік көркемөнерпаздар ұжымдары көрермендер мен қазылар алқасына өз өнерлерін паш етті. Концертте аудан басшылығы да қатысып, әртістерге қолдау көрсетіп, қатысушылардың жоғары деңгейде дайындалғанын атап өтті.
Фестивальдің жарқын нөмірлерінің қатарында Сағит Нәсіпбаев жетекшілігіндегі «Қарасулықтар» вокалды-аспаптар ансамблінің орындауындағы «Аққуым менің» әні көрермендерді әуені мен шынайылығымен баурап алды. «Достық» аудандық мәдениет үйінен Есімхан Тоқыбаевтың орындауындағы «Балқадиша» ерекше әсерлі шықты. Сондай-ақ, осы мәдениет үйінен Бердмұрат Сайлаубектің орындауындағы «Жетімнің монологы» көрермендердің жүрегін тебірентті. Айда Мұқашованың орындауындағы халық әні «Айқаракөз» көрермендерге жылы әсер сыйласа, Галина Асачева жетекшілік ететін «Глория» халықтық вокалдық тобының орындауындағы «Қысқы ән» концертке ерекше атмосфера мен нәзіктік қосқандай.
Фестиваль жергілікті әртістердің шеберлігін, өнерпаздардың шығармашылығын тағы да дәлелдеп, аудан тұрғындарын біріктіріп, өңірдің бай мәдени мұрасын айшықтады.