Науырзым ауданында ХХХVI «Өнеріміз саған, Қазақстан!» атты облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы байқау-фестивалі жалғасын тапты. Бұл өз алдына жеке мәдениет үйі жоқ облыстағы жалғыз аудан. Өнерпаздар концертті мектептің сахнасында қойды. Арнайы сахнаның болмағанына қарамастан қорытынды концерт жоғары дәрежеде өтті.
Ауданға қарасты Өлеңді, Раздольный, Шилі ауылдарынан өнерпаздар жиналды. Аудан басшылары, мәслихат хатшысы барлығы концертке қатысып, қолдау білдірді.
Концерттен қазылар алқасы үздіктерді таңдап, оларды атап өтті. Олардың қатарында «Науырзым әуендері» халық ұлт-аспаптар ансамбльінің сүйемелдеуімен Жамбыл орта мектебінің 9-сынып оқушысы Ақниет Ысқақова «Қоғалы-ай» әнін жеке дауыста орындап берді. Сонымен қатар Әменовтар отбасылық ансамблі «Жалын кешкен» әнімен дараланды. Дәстүрлі әнші Арай Ерсары халық әні «Ағайшаны» домбырамен әуелете жөнелгенде барша көрермен тәнті болды. Қарлығаш Әлібек те халық әні «Желкілдекті» нақышына келтіріп орындап шықты.
– Облыста өз алдына сахнасы, мәдениет үйі жоқ жалғыз аудан – Науырзым ауданы. Соған қарамастан дайындық деңгейі де, өнерпаздары да жақсы өнер көрсетті. Қазір аудандық мәдениет үйі жөнделіп жатыр. Келер жылы сол жерде дүркіретіп концерт береді деп ойлаймыз, – деді қазылар алқасының мүшесі Дәмер Қалқаев.