Қостанайда өткен «Ұлы Даланың көне сарындары» дәстүрлі музыка фестивалі
16.04.2019
2193
0
Ақпаратты достарыңызбен сілтеме арқылы бөлісіңіз:
Қостанайда өткен «Ұлы Даланың көне сарындары» дәстүрлі музыка фестивалі
Қазақтың дәстүрлі музыкасында қордаланған, толғақты мәселелер аз емес. Төл музыкамыз барын бағалап, жоғын түгендеп, жүйелі түрде қамқорлық жасауды қажет етеді.
Өйткені дәстүрлі саз қайнарынан қанып ішпеген ұрпақ қаншама жасандырғанмен, жапырақ жайып, жайқалып кете алмайтын тамырсыз ағаш сияқты. Сондықтан да бүгінгі күні ұрпақ санасына төл музыкалық тілімізді сіңісті ету – мемлекеттік маңызы бар міндет.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында көрсетілген идеялар мен құндылықтарды дәріптеуге арналған игі істер жалғастыру, мән- мағынасы терең, өскелең ұрпаққа рухан-тәрбиелік маңызы жоғары, қалың көпшілік сүйіп тыңдайтын, дәстүрлі музыка өнерін (Жыр, терме, ән, күй) кеңінен насихаттау, жастардың музыка мен өнерге қызығушылығын ояту мақсатында 12 сәуір күні Қостанай қаласының Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармониясында «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай «Ұлы Даланың көне сарындары» дәстүрлі музыка фестивалі болып өтті.
Дәстүрлі музыка фестивалінде көне түркі тайпаларының көмеймен жыр айту үлгісін бүгінгі күнге жалғап жүрген Сыр сүлейлерінің сынығы, жыр саңлағы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов бастаған Жәкен Омаров, Гүлмира Сарина, Ерлан Рысқали, Шолпан Дәржанова Батыржан Мықтыбаев, Манапбек Қадіров, Қыдырбек Қиысхан, Талғат Молдағалиев, Мұрат Хамитов, Ыбырай Есжанов, Айжан Санай сынды елімізге танымал жыршы-термеші, әнші, күйшілер өнер көрсетті.