Екі күнге созылған «Наурыз достарын шақырады» IV халықаралық халық би фестивалі аяқталып, барлық қатысушылар марапатталды.
Ұлыстың ұлы күнінде Тобыл-Торғай төрінде бауырлас өзбек, қырғыз, татар, башқұрт елдерінен, Қазақстанның басқа облыстарынан және Қостанай облысынан арнайы шақырылған би ұжымдары өнерлерін ортаға салып, өңірді думанға бөледі.
Әр елден келген өнерпаздар өз ұлтының мәдениетін, салт-дәстүрін ала келіп, өздері де ерекше сезімдерін білдіріп, алғыстарын жеткізіп жатты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат бейбітшілік пен достық мерекесі Наурыз нақышын би тілімен бедерлеу және түркітілдес халықтардың билерін насихаттау.
Халықаралық хореографиялық фестивальға алыс-жақын шетелден 10 би тобы мен 200-ге тарта бала қатысты.
Наурыз би фестивалі барысында әрбір ансамбль екі биден көрсетіп, көрермен көзайымы болды.












