Облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкерлері Сарыкөл ауданына арнайы барып, Соналы елді мекенінің мәдениет саласына әдістемелік-практикалық көмек көрсетті

Сапардың негізгі мақсаты – ауылдағы мәдени шараларды ұйымдастыру ісіне қолдау көрсету, шығармашылық ұжымдардың жұмысын жандандыру және өнерпаздарға тәжірибелік бағыт-бағдар беру.
Әдістемелік кездесулер барысында мәдениет саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, ауылдағы шығармашылық жұмыстарды дамыту, халықтың өнерге деген қызығушылығын арттыру жөнінде ұсыныстар айтылды. Облыстық орталық мамандары өз тәжірибелерімен бөлісіп, мәдени іс-шараларды мазмұнды әрі әсерлі өткізудің тиімді жолдарын көрсетті.
Сапардың тағы бір маңызды бөлігі – Соналы ауылының тұрғындарына арналған «Ауылым – алтын бесігім» атты концерттік бағдарлама болды. Өнер кешінде туған жерді дәріптеген әндер шырқалып, ұлттық өнердің жауһарлары көрермен назарына ұсынылды.
Айта кетерлігі, облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкерлері әдістемелік бағытпен ғана шектелмей, өздері де өнердің бірнеше жанрын меңгерген шығармашыл жандар. Концерт барысында олар ауыл тұрғындарына арнап әннен шашу шашып, жырдан өрнек өрді.
Қыркүйек айында қатар келетін Ұстаздар күні мен Қарттар күніне орай өнерпаздар жүрекжарды жырларын арнап, аға буынға құрмет, ұстаздарға алғыс білдірді. Әуезді ән мен мағыналы жыр тоғысқан кеш ауыл тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

































