Облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкері Мұрат Нағашыбай Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында тәжірибе алмасып жатыр
Домбыра күніне орай облыс орталығында Облыстық домбырашылар байқауы,«Тобыл-Торғай өңірінің музыкалық мұрасы: кеше-бүгін-ертең» ғылыми республикалық конференциясы, дәстүрлі музыка фестивалі және «Ғасырлар пернесі» атты қазақ ұлт аспаптар ансамбльдерінің облыстық фестивалі өтпек.
Осыған дайындық бүгіннен басталды. Тобыл-Торғай өңірінен шыққан Нұржан Наушабайұлы, Нұрхан Ахметбеков, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатов сынды тұлғалардың музыкалық мұраларын зерттеу мақсатында фольклорлық ғылыми-зерттеу лабораториясының басшысы Бағлан Бәбіжанмен келісім жасалды. Консерватория басшылығының қолдауымен үш күннен бері қарқынды жұмыстар атқарылып жатыр. Зерттеу барысында архивтік жазбалар, таспаға жазылған мұралар, ноталар және басқа да құнды деректер жиналуда.
Бүгін Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Алмасбек Алматов, профессор Айгүл Қосанова, PhD доктор Бағлан Бәбіжан және ғылыми қызметкер Ермек Қазмұхамбетпен өткен кездесулер аясында маңызды мәселелер талқыланып, бірлескен ғылыми-зерттеу жобалары бастау алды. Бұл жұмыстардың нәтижесінде өңірдің музыкалық мұраларын насихаттауға және болашақ ұрпаққа жеткізуге арналған бірегей жобалар жүзеге асырылмақ.