
Қазақтың қара домбырасын ғұмырына серік етіп, өмірін ұлттық өнердің өркендеуіне арнаған күйші-композитор Айтбай Мұздаханұлының 85 жылдық мерейтойына арналған «ЕЛІМ – АЙ» атты шығармашылық кеші жоғары деңгейде өтіп, қалың көрерменді риза етті.
Қазақтың күй өнерін ұлықтап, ұлттық музыка мәдениетінің асыл мұрасын дәріптеген тағылымды кешке өнерсүйер қауым, зиялы қауым өкілдері, өнер қайраткерлері мен күйшінің өнер жолын құрметтейтін қонақтар жиналды.
Мерейтой иесінің өмір жолы мен шығармашылық мұрасына арналған жүрекжарды лебізін облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов арнап, сөз сөйледі. Ол бұған дейін өнер иесін облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қабылдап, мемлекеттік награда — «Құрмет» орденін табыстағанын ерекше атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың құттықтау хатын да оқып, мерейтой иесіне шығармашылық табыс тіледі.
Айтбай ағамыз тағдырдың ауыр сынағына тап болып, өндірістік жарақат салдарынан оң білегінен айырылса да, өнерге деген құштарлығы мен домбыраға деген адалдығынан ешқашан айныған жоқ. Керісінше, бойындағы рухани қуат пен қайсарлықтың арқасында ұлттық өнерге қызмет етудің өзіндік өнегесін қалыптастырды.
«Қасиетті домбыра өнерін өмірлік мұратына айналдырған қайраткердің қоржынында 50-ге жуық ән мен 60-тан астам күй бар. Бұл туындылар туған жердің тарихын, елдің тағдырын, халықтың мұңы мен арманын әуен тілімен жеткізетін құнды рухани мұра. Автордың шығармалары бүгінде өнер ұжымдары мен оркестрлердің репертуарынан берік орын алып, тыңдарман жүрегіне жол тартқан», – деді Бақытжан Хаберұлы.
Ұлттық өнерге өлшеусіз үлес қосқан тұлғаны ардагерлер ұйымы РҚБ орталық кеңес Төрағасының бірінші орынбасары генерал-лейтенант Абай Тасболатов та құттықтап, иығына шапан жапты. Сондай-ақ жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әбутәліп Әбдіқалықов та құттықтап, лебізін жеткізді.
Айтбай Мұздаханұлы 1941 жылы 15 қазанда Қостанай облысы, Аманкелді ауданына қарасты Кемер ауылында дүниеге келген. Өнерге деген алғашқы сүйіспеншілік оның бойына ата-бабадан дарыған қасиет болса керек. Атасы Молдаш ауыл арасындағы той-томалақта домбырасын қолға алып, күй тартуға арнайы шақырылатын өнерпаз болған. Әкесі де қолынан домбырасы түспеген, етікшілік кәсібімен қатар өнерді жанына серік еткен жан еді. Ал анасы әншілігімен, бір естіген әнді бірден жаттап алатын зеректігімен ерекшеленген.
Осындай өнерлі әулетте тәрбиеленген Айтбай ағамыз жеті жасында алғаш рет домбыра ұстап, Ахмет Жұбановтың «Қарлығаш» әнін үйренген. Содан бері домбыра оның өмірлік серігіне, шығармашылық ғұмырының темірқазығына айналды. Атадан қалған асыл мұраны аманаттай арқалап, қазақтың күй өнеріне өзіндік қолтаңбасын қалдырды.
Күйші-композитордың шығармашылық қоржынында жеке домбыраға арналған күйлермен қатар, әндер мен оркестрге лайықталған көлемді музыкалық туындылар да бар. Оның шығармалары бүгінде белгілі орындаушылар мен өнер ұжымдарының репертуарынан берік орын алып, еліміздің әр қиырындағы сахналарда орындалып келеді.
Мерейтойлық кештің шымылдығы Айтбай Мұздаханұлының «Елім менің» атты музыкалық дастанының «Қазақ елі» деп аталатын бірінші бөлімін Назымбек Молдахметов атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі орындады.
Кеш барысында мерейтой иесінің Нұрғиса Тілендиевке арнаған «Нұраға», «37-ші жыл», «Балалы киік», «Көкейкесті», «Айтбайдың сарыны» атты күйлері орындалып, композитордың сан қырлы шығармашылық болмысын танытты. Сонымен қатар Әсия Беркенованың өлеңіне жазылған «Жасай бер, жаса – Қостанай» әні, жарына арнаған жүрекжарды «Шынарым» әні және «Майраның Маралдыдағы әні» көрермен назарына ұсынылды. Әр шығармадан туған жерге деген сүйіспеншілік, елге деген құрмет, өмірге деген іңкәрлік пен адам жанының нәзік сезімдері айқын аңғарылды.
Мерейтой иесінің өнердегі ізін жалғап, әке жолын абыроймен жалғастырып келе жатқан қызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Анар Мұздаханова кештің сәнін келтірді. Ол өзінің «Қызыл керуен», «Тәуелсіздік» және әкесінің ұлы ақын Абай Құнанбайұлына арнаған «Тел қара» атты шығармаларын орындап, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Кештің қадірлі қонағы, «Құрмет» орденінің иегері, белгілі қобызшы Жанар Жүсіпова да өнер сүйер қауымға бірнеше күй тарту етті. Қобыздың қоңыр үні мен домбыраның күмбірі үндескен сәттер кештің рухани мазмұнын байытып, ұлттық аспаптарымыздың құдіретін тағы бір мәрте сезіндірді.
Қазақтың қасиетті қара домбырасы күмбірлеп, күй өнерінің керуені жалғаса берсін! Айтбай Мұздаханұлының өнердегі өнегелі жолы ұрпақ жадында жаңғырып, шығармалары сахна төрінен түспесін! 85 жас мерейтойы құтты болсын!





