Бүгін ұлт руханияты мен мәдениеті орны толмас ауыр қазаға ұшырады. Айтыс өнерінің ардақты, алып тұлғасы, Қазақстанның халық ақыны, ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткері, «Құрмет», «Барыс» ордендерінің иегері, Қостанай облысының құрметті азаматы Әсия Әйіпқызы Беркенова 77 жасқа қараған шағында өмірден озды…
Қайран Әсия апай!.. Әсем әлемі, бөлек болмысы, паң да парасатты мінезі, ерек өнегесі бар қадірі биік жан еді. Жарық жалғанды тәрк қылып, келместің кемесіне мініп кете барғанына көңіл сенгісі келмейді. Амал нешік, ажалға араша бар ма? Тұтас бір дәурен ғайыпқа көшіп кеткендей, «бір дәуірдің мөлдіреген аспаны» аласарып қалғандай, артындағы қалың қазағы қайғыдан теңселіп тұр…
Әсия Әйіпқызы қазақ руханиятына өлшеусіз еңбегі сіңген заңғар тұлға еді. Тұсында айтыс өнерінің «алғашқы қарлығаштарына» айналған ат төбеліндей ақындардың бірі де бірегейі-тін. Байырғы сөз өнерінің қайта түлеуіне, биік белеске көтерілуіне үлкен үлес қосты. Көрнекті өнерімен, өрнекті өлеңімен ұлт жүрегіне жол тапты, ыстық ықыласына бөленді. Алаш жұрты аялап төбесіне көтеріп, «Қазақстанның халық ақыны» деп ардақ тұтты.
Биік мінберлерде халқының мұң-мұқтаж, мүдде-мұратын қорғай сөйлеген, турашылдықпен толғай сілтеген қайраткерлігі де ел жадында. ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып жүрген тұста елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласты. Ар-ұждан мен ақиқатты ту етіп ұстап, толғағы жеткен түйткілдерге батыл үн қосып, өскелеңге үлгі-өнеге көрсетумен өтті.
«Жұртымның жүзіне тік қарау үшін
Әйтеуір ұятымды қалғытпадым», – деп жырлауы да осы бір адамдық асыл болмысының айғағындай.
Аяулы апамыздың ұстаздық еңбегі де бір төбе еді ғой. «Мұғалімдік – жаным қалаған мамандық, сондықтан басқа қызметтерге бүйрегім бұрған емес» деп өзі айтқандай, Әсия Әйіпқызы ширек ғасыр мектепте қызмет етті. Алдын көрген көп шәкірт қазыналы ұстаздың ұлағатты ізін басты. Ал «Халық ағарту ісінің үздігі» атағын иеленгені – білім беру саласындағы еселі еңбегіне берілген жоғары баға. Бұдан бөлек, Әсия апай Ахаң атындағы Қостанай өңірлік университетінде «Өнер» студиясына да жетекшілік етіп еді. Талантты жастардың талабын ұштады, әр өнерлі өренді баласындай бауырына тартты. Жас буын айтыскерлерге қамқор, тәлімгер, анадай тілеуқор болғанын да өнерсүйер көпшілік жақсы біледі.
Әсия апамыз қарашаңырақ «Қостанай таңы» газетімен де еш уақыт байланысын үзбей өтті. Жазба өлеңдері, ой-толғамдары, естелік-мақалалары, сүбелі сұхбаттары үнемі жарияланып тұратын. Әсіресе, өмірінің соңғы жылдарында қарт басылыммен тығыз байланыс орнатып, шығармашылық қарым-қатынасты жиілете түскен-ді. Үнемі жыр топтамалары, өнері мен өмірі арқау болған әртүрлі жанрдағы материалдар жарық көріп келді. Қостанайда дүркіреп өткен 75 жылдық мерейтойын жарқыратып жазғанымыз да күні кеше сияқты еді… Енді олардың әрқайсысы газеттің қатпарлы тарихына қатталып, шежіресін байыта түсетін қазынаға, ескірмес есті естеліктерге айналады да.
Қайтеміз… Қимас тұлғамыздың соңында өшпес ізі, ізгі ісі, бай шығармашылық мұрасы, жан-жүрегімізде жарқын бейнесі ғана қалып барады. Ендігіде ел есіндегі, ұлт жадындағы мәңгілік өмірі басталмақ. Тағдырдың қатал үкіміне соны ғана жұбаныш етуге мәжбүрміз ғой… Ақын апаның өзі де:
«Атқанымен арайланып таң күліп,
Көрсеткенмен мейіз мінез, паң қылық,
Бұл фәниге келу бар да кету бар,
Жер бетінде қалмас ешкім мәңгілік…» – деп баянсыз жалғанды, аялсыз ажалды жырға қосты емес пе?! Қаралы хабардан қабырғасы қайысқан қалың қазаққа, қара жамылған отбасы мен туыс-туғанына қайғырып көңіл айтамыз. Марқұм апамызды Алла алдынан жарылқап, жанын жәннат төрінде шалқытып, рухын шат-шадыман еткей! Жаратқан ие артындағы ұрпағына ұзақ та баянды ғұмыр нәсіп етсін!
Бақұл болыңыз, ардақты Әсия апа!
«Қостанай таңы» газетінің бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы
және редакция ұжымы