#REPOST @qostanai_tany - Ұлттық домбыра күні аясында «Күймен тербелген ауыл» атты Восточный, Фурманов, Үштөбе, Родина ауылдарының біріккен концерті көрермен назарына ұсынылды

Өрелі өнерлерімен елдің рухын көтеріп, тыңдарманына толайым қуаныш сыйлап жүрген ауыл көркемөнерпаздарының құрметіне аспанында ән мен күй қалықтаған Фурманов ауылының әкімі Досхан Әубәкіров құттықтау сөз сөйлеп, ілтипатын білдірді.
«Домбыра – халқымыздың сан ғасырлық тарихын , салт-дәстүрін, мұңы мен қуанышын жеткізген қасиетті мұра. Қос ішектен төгілген күй – ұлттың жаны, халықтың жүрек үні. Бабаларымыздан аманат болып жеткен осы асыл қазынаны қадірлеу – баршамыздың парызымыз»,-деді ауыл әкімі Досхан Түбекбайұлы.
Жиналған жұртшылық біріккен домбырашылардың орындауында халық күйі «Жастар биі», Н.Тілендиевтің «Әлқисса», Б.Әбеновтің «Желдірме», Құрманғазының «Балбырауын» сынды күйлерін құлақ құрышын қандыра тыңдады.
«Домбыра – қазақтың ұлттық саз аспабы. Асыл мұраны насихаттауда кейінгі жылдары Арқалық қаласында қала әкімі Әмірхан Біркенұлының бастамасымен көптеген ілкімді іс – шаралар қолға алынып жатыр. «Мың домбыра» шығару дәстүрге айналғандай. Қандай бір жастарды көрсеңіз де қолына домьырасын ұстап жүргенін көреміз. Бұл қазақ домбырасының қарқындап дамып келе жатқанын көрсетеді.
Бүгінгі домбырашылар арасында ең жасы болып менің немерем Нұрахмет Әкімбекұлы қатысты. Биыл үшінші сыныпты бітірді. Сол немеремнің күй ойнағанын қызықтап жұбайыммен екеуміз келіп отырмыз»,-дейді ауыл тұрғыны Нұрхан қажы Бақтыбай.
Біріккен ауыл өнерпаздарының концертінде ауыл имамы құрметті қажы Нұрхан Асанұлы жастарға батасын берді.
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Сырым Баймұратов өңірде өнердің өрістеуіне қолдау білдірген ауыл әкімдері мен өнерпаз ұжымдарына бөлім басшысының Алғыс хатын салтанатты түрде табыс етті.










