altynsarin
amangeldy
auliekol
denisov
jangeldin
jitiqara
qamysty
qarabalyq1
qarasu
mailin
mendiqara
miras
naurzum
sarykol
tobyl
uzunkol
fedorov
arqalyq
lisakov
rudny
Портал туралыОрталық туралыХалықтық ұжымдарМҰ сайттарыСұхбатГалереяШабыт қанатындаБіз БАҚ-таСұрақ-жауап
ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНЫҢМӘДЕНИЕТ ҮЙЛЕРІНІҢАҚПАРАТТЫҚ ПОРТАЛЫ
Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасының
Русский
15 НАУРЫЗ - РЕФЕРЕНДУМ
ДК нұсқасы
QOSTANAI TAŃY:⠀С Е Р І К
02.03.2026
25
0
 Эссе
 
– Кеңшілік, сенен бірдеңе сұрайын ба?
 
– Әрине, білімдіден ғана сұрайды ғой!..
 
– Екеуміздің қайсымыз мықты ақынбыз, ә?– деді Серік көзін жыпылықтатып, назарын төмен сала.
 
Кеңшілік ернін жымқырып, бұған одырая қарады. Паңданғанда танауы қусырылып, көзі жіпсиіп, көкбеттеніп кетеді екен.Дауысын кенеп:
 
– Мұндай сұрақты маған қойма, халыққа қой!– деді жүрегі бұлқынып, тымырайған күйі. – Әрине, мені мықты дер!..
 
– Жоқ! Жо-оқ!– деп орнынан шоқ басқандай ыршып тұрды Серік.– Мен мықтымын! Балалар, әсіресе, қыздар мені мойындайды!
 
– Кеттік онда!– деді Кеңшілік есікті жұлқып ашып. – Нұрхан ақыннан сұраймыз! Сол кісі ғана біледі… кімнің мықты екенін. Кеттік, нашар ақын!
 
Екеуі салып ұрып Торғай қаласының қыраттау тұсындағы жатаған үйге жетіп келді. Бұлардың алқам-салқам күйлеріне қызыға қараған Нұрхан (Ахметбеков) қария:
 
– Пәлі, мықты ақындар келіп қалды ғой!– деп төрге шығарып, жазу үстеліндегі қобыраған қағаздарына бірауық сүзіліңкіреді де езуіне күлкі үйіре отырып, екеуін әңгімеге тартты. Дұрысында өзі ұзын-сонар сөз бастап кетті. Торғайдың ақындық мектебінің бастауында тұрған Жұмабай Шалабайұлынан бастап Есенжол Жанұзақұлы, Сейдахмет Бейсенұлы, Құбаш Шалбайұлы, Әбіқай Нұртазаұлы, Күдері Жолдыбайұлы, Қашқынбай Қазұлы, Әбдірахман Иманқұлұлы секілді айтулы тұлғалардың өмірінен үзік-үзік сыр тарқатып, олардың маржан шумақтарын әрегідік жатқа соғып жібереді. Мына сарыуыз балапандар ертегі тыңдағандай елітіп, кейде есеңгіреп кететіндей… Нұрхан аталары жай емес, құйыннан жаратылған, ішіне құйма жыр толтырылған бір алып адамдай боп, көз алдарында зорая түседі. Аузынан төгілген лағыл өлеңдерінің кейбір тұсы миларына кірмей, бармақ тістеп қалатындай. Сөзін ойлап айтпайтындай, сөзбен ойнап отырғандай бір дүлей рух иесі екен. «Шайтанмен шатылған шайыр дерсің!»- деп Серік сыбыр етіп, ауыз әдебиетінен оқыған осы сөзін Кеңшілікке айтпақ болып еді. Мәссаған, анау көзін жұмып, теңселе ырғалып, ішкі көрігімен әлдебір дыбыс күйлегендей боп, әбден мауығып алған. Тізесін тізесімен түртіп көріп еді, сезетін емес. Ернін шүршитіп, басын изелеп, қос иығын селкілдетіп қояды. «Мынау бүгін осы үйден мықты ақын атанып шығатын болды-ау!»- деген үрей билеп алды Серіктің бойын… Өзі де манадан бері тағатсызданып, бірақ Нұрхан атасының мысынан именіп, әрең тәртіптеніп отыр еді, енді аттың басын жіберіп, Кеңшіліктен бетер әуеде қалықтағандай боп тым әсершіл сезімге бөленіп кетті…
 
Нұрхан ақын сөзін сөйлей отырып, жас перілерінің аңысын білдіртпей аңдап, бұрыннан балаң жырларымен етене таныстығына сайып, келешек жыр-ғұмырдың қиын тағдырынан өміршең тамаша сәттерін жақұттай сүзіп алып, «дариға-дәурен-ай! Сендердің пешенелеріңе неткен сұлу поэзия бақыты бұйырғалы тұр!»- деп іштей тәнтіленіп, асқақ арман демеуімен орнынан ұшып тұрды. Бұл бозөкпелердің балауса өлеңдерін талай рет жатқа оқытып, тамсанып тыңдаған. Осы қазір қос пыраққа қамшы салып жіберсе, жосыла көсілтетінін және сезеді… Жәй келмегендерін де аңғарады. Қит етсе өлеңмен таласып қалса, өзіне кеп жүгінеді. Бәтуа, байлам сұрайды. Бұл ұлы мәмілегердей екеуін әманда татуластырып жібереді. Осы жолғы дауы нешік екен?.. Дөп баса алмай отыр.
 
– Ал, Торғай ақындығының жас перілері! Шаруалырыңды айтыңдар?– деді Нұрекең көз қиығымен сыр аңғармақ боп.– Мен өлеңімді он жасымда жетім күйімде бастағам. Сендер сондағы менен едәуір ересексіңдер ғой! Әжептәуір танылып та қалдыңдар!
 
Екеуі қып-қызыл боп кетіп, бір-біріне қысыла қарады… Кеңшілікке бұзықтау бір ой келе қалғаны: «Нұрхан мен Серік Тосын құмында туған. Қазір оны мықты ақын қылады!» Серік те тымырайып, үнсіз бұққан. Досының әлгіндегі құйын тұрғандай қып өлең оқығаны жүрегін шаншытып жіберген-тін. «Осы мықты атанып кетер-ау!»- деп қыпылықтайды.
 
– Осы, сендер, Торғайда Ахмет пен Міржақып сынды алып ақын аталарың болғанын білмейсіңдер ғой. Бұға-бұға бұқпантай өмір кешіппін… Жасым еңкейгенде, өз аузымнан ең құрымаса, есімдерін аманаттап кетейінші! Құс екеш құс та балапанының аузына нәр салмай ма? Мен де сендердің… Түбі, оларды оқымай, өрістенбейсіңдер!..
 
«Не деп кетті?– деп күйінді Кеңшілік.– Ылғи ығай мен сығай ақындар! Біз ше?..» Серікке ұрланып қарап еді, ол «мықты ақынмын» дегендей, маңғаз отыр. Секем алған Кеңшілік: «Тұра тұр, менен асып кетпессің!..»- деп одан бетер тәкәппарлана қалды.
 
Мыналардың бірдеңені бүлдіргелі келгені айқындала бастағандай. Соны сезген Нұрхан әңгімесін әдейі әріге салды. Қайнекей, Сырбай, Ғафу секілді есімі елге мәшһүр ақындардың жырларын тәмсілдеп, арасына өзінің моншақ түзілімдерін қоспалап, арқалынып тыйылмады. Осындай-осындай мықтылар күллі қазақ поэзиясының туын желбіретеді деп те жалын күдірейтті.
 
– Бірақ бір ғажабы, сол дарагөйлердің «мен айтулы ақынмын!»- деген астамшыл сөзін естімеппін!– деп Нұрекең бұларға жымия қарағанда, бозөкпелер жерге кіріп кете жаздады.
 
– Аға, біздің мектепке баратын уақытымыз тақап қалып еді,– деді Серік қымсынып.
 
Кеңшілік те басын изеп жинала бастады.
 
– Шаруаларың болса, келіп тұрыңдар!– деді Нұрекең терең ойға батқан кейіппен.– Ақын ата-бабаларыңның жолын берсін! Жас таланат, тас тұяқсыңдар ғой, жарқындарым! Соларға ұқсап бағыңдар! Сендердің мықтылықтарыңа мәз бола берейінші! Анау Серікбай деген құрдастарың да өздерің сияқты тәуір ақын боп қалыптасып келеді. Әсіресе, жақсы адам бола біліңдер!..
 
Өзінің мықты ақын екендігі туралы «ләммим» демеді. Онсыз да Нұрхан Ахметбековтің 1943 жылы Алматыда өткен тұңғыш республикалық халық ақындарының айтысын суырып салып ашқандағы тапқырлығы мен шешендігін ел іші айырықша бағалайтын. Ел аузындағы «Есім сері», «Жасауыл қырғыны», т.б. дастандары – ұлттық өлмес мұралар қатарында дараланатын.
 
… Жылдар өткен жылыстап. Қарт Торғайда сал ауруынан азаптанып, тілсіз, қимылсыз жатқан күйінде Нұрхан ақын да өткен өмірден. Оның қабірінің басында әлгі үш балауса ақындар да көз жастарын бұлап тұрған…Араға он үш жыл салып дәл осындай дімкәстіктен жаны күйзеліп, торыққан қазақтың тағы бір ақтангер ақыны Қайнекей Жармағамбетов Алматыдан еліне шипа іздеп қоныс аударып келіп, туған жерінің саф ауасын соңғы рет қарпып жұтып, мәңгілікке жөнеле бергеніне де әлгі танымал ақын боп қалыптасып қалған үшеуі де куә болған еді… Сол жолы ол астаналық тұрағынан бай кітапханасын да көшіріп әкелген-тін. Шіркін-ай, сол кітапхананың қызығын бұлар көрудей-ақ, көрген! Қайнекей ағалары өз қолымен Ахметтің, Міржақыптың, Мағжанның өлең кітаптарын үйінен қамап шығармай, бұқпантайлатып қойып оқытқанын сірә, ұмытар ма, бұлар?!
 
Аманаттар орындалады екен, ұстаздарының ісін шәкіріттері іңкәрлікпен жалғастырады екен!..

 
* * *
 
Серік Тұрғынбекұлы! Бүгінде бұл есімді қазақ мағынасынан айырып айту әсте қиын! Тұтасып кеткен тастұғыр іспетті. Егіз ұғым, ажырағысыз мәнді мазмұн. Алқаулы айдында сұлу жүзген, кейде жанарынан мұң үзілген қос аққау тағдырындай жұмбақ та күрделі, жайдарман да шадыманды өмір құбылысы дерлік! Серік жанын жыға тану үшін оның музасымен ауру керек! Поэзиясымен қоса шаттану керек! Ақынды сүю керек! Ал дара дарынның арман-аңсарын, өлең боп жаратылғанын, тілімен бал татырғанын, халқының қамы үшін таң атырғанын, бір ауыз болашақ сөзін айтуға бас қатырғанын білмек болсаңыз – оқыңыз Серікті! Ойланып- толғанып, сүйіп-күйіп оқыңыз! Ақындық, ғұмырлық кредосы ма? Міне: «Басылмасын туған Елдің думаны, Арманым сол – Аңсарым сол туғалы. Желбіресін Желтоқсанның желімен, Қолдан түспей Тәуелсіздік тулары».
 
Тәуелсіздік Серік ақынды түлетті, түрлентті. Тыңнан түрен салған тақырыптарын талғаммен толғануға кең мүмкіндік туды. Тереңнен көзін ашқан тұма бұлақтай сылдырлай, сыңғырлай ақты. Еркіндікті аңсаған көңілді байытып, шөл қысқан аңқаны қандырды. Қазақ келешегінің керемет сипаттарын саралап, елдік мінезге еселеп ынтықтыра түсті. «Таластым талай – тақастым, Адастым талай – шатастым. Жап-жарық күннің өзінде, Ішінде жаттым қапастың»,– деп ұлт болшағының күңгірттенген тұсында жүрегін қақ айыра «аһх» ұрған ақын, Тәуелсіздіктің алтын таңы атарына шәк келтірмей ішкі әулиелік болжамын күйттеп, күйлеп жүр екен-ау! Тәуелсіздік есік қаға салысымен Серіктің жыр-сезімі жанартаудай атқылап, селдей жосып, жолындағы ескі сенім-сөлекетті, рухты аздырған пәлекетті, түзуліктен тайдырған имансыздықты, тінінен сөгілген тілді, нілдей бұзылған дінді, құнарынан айырылған жерді мүлде жаңаша леппен, астарламай, ап-анық, ащылығын тұшытпай, көкейкестілігін көркемдікпен кестелеп нағыз талантқа тән тегеурінімен таңқалдыра жөнелсін! «Тәуелсіздік… Болмас үшін сөз ғана. Ұйқыңды қи – күлкіңді тый бозбала. Бара жатыр көкірегі қарайып, Атаң шапқан жасыл жайлау, боз дала»,– деп сұңқардай саңқылдап сақтандырды қазақ біткенді. Тәуелсіздік – күлкі-той, жағаны жайлауға жіберіп алаңсыз жантайып жату еместігін ескертті. Тәуелсіздіктің әр сәтін бағалап, оны тұрақтандыра түсудің амалдарына былайша үндеді: «Ару – Бақыт араласа, әр үйді, Дархан Елге бақ-несібе дариды. Тәй-тәй басқан қолтығынан демейік, Тәуелсіздік дейтін – Титтей сәбиді!..»
 
Оқырмандарының шынайы сүйіспеншілігіне бөленген жыр жампозының аудиториясы тіптен өріс жая түсті. Сәбит Мұқанов «ең халықшыл» жазушы атанып мерейленсе, классиктің батасын алған Серікті де бүгін қалың елі сондай дархандықпен, ыстық ықыласпен алақанына салып мәпелейді, мақтан тұтады, қолпаштайды. Бұдан менменсіп, желігіп кеткен ол жоқ. Сыртқы сыпайлығын сақтап, ішкі тәрбиелігін шамшырақ етеді. Жұрты әр түрлі кездесулерге жаппай шақырады. Тіпті күн құрғатпай десе де болады. Тұтастай елі, облысы, ауданы, алақандай ауылы, еленбей қалған елді мекені– ақынын төріне шығаруға асығады. Мәпелегенін мәртебе көреді. «Серік сері келіп кетіпті, жырдан сарай соғып беріпті», десе, көршілерінің көздері қызғаныштан қанталайды. Астанаға өкілдерін жіберіп, үйінің маңын аңдытып қояды , сыйлы қонақ етпекке. Бір жолы сондай ақжүректілер «Сері ақынның тұрағын айтыңдаршы» деп біраз дүрліктірсе керек. «Сізге өзі кім керек, есімі кім?»- дейді көшеде тоқтатылған бейтаныс. «Маған Сері Тұрғынбекұлы керек!»- дейді жоқ іздеуші. Бұл Серіні емес, Серікті білетінін айтады. Сонда әлгі бейбақ «Жетпей тұрғаны – жалғыз «к» әріпі ме?»- деп біраз мөңкіп алып, өз өңірінде бұл ақынды Сері дейтінін айтып ақталады.
 
Пай-пай, заман-ай! Қазақ әдебиеті өз ғұмырында серілерін мақтан тұтқан екен. Басында Ақан сері тұр! Бірі – Сәкен-сері (Сейфуллин), екіншісі де – Сәкен-сері (Жүнісов). Ақындар мен жазушы. Енді келіп оларға ақын Серік сері қосылғандай екен… Ел бағасына ешкім түзету енгізе алмайды ғой… Сүйікті еліне берген Серік серінің серті де берік: «Мен ақынмын! Сен сірә, сенесің бе? Капитанмын өлеңнің кемесінде. Өтіп келген өлең-жыр майданынан, Жауынгермін! – Сау жері жоқ денесінде!»

 
* * *
 
– Сіздің дарынды драматург екендігіңізге көзіміз енді жетті!– Сахна шымылдығы жабылғалы тұрғанда айтылған білікті режиссердің лебізі бұл. Осы ақжарма тілекті құптағандай көрермендер дуылдата шапалақ ұрды. «Мұқағали» спектакілінің мұңы мен зары, өкісігі мен өршіл үні әр жүректі ебіл-себіл етіп, елжіреткен. Жанарларында – жас, көңілдерінде – үміт пен сенім! Әркімді махаббаттың құдірет-күші билеген! Көптің сұрауымен залдан саханаға көтерілген Серік-драматург «Мұқағалиға сәлем!»- деп, көрермендерге басын иіп, тағзым етті де өз драмасының кейіпкері Мақатаевтың жалынды жырының тиегін ағытты… «Туады, туады әлі нағыз ақын, Нағыз ақын бал мен у тамызатын. Жесірдің айырылмас сырласы боп, Жендеттің көзінен жас ағызатын. Туады, туады әлі нағыз ақын!..» Зал іші толқынданып кетті…
 
Ақын-драматург С.Тұрғынбекұлының бұл «Мұқағали» драмасы Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында, міне, он жылдан астам уақыт аншлагпен қойылып келеді. Оның «Шәмші» спектаклі де жұртшылықтың етене бауыр басқан туындысы қатарында әспеттеледі. Оқырмандарымен қоса көрермендерінің ыстық ықыласына бөленген Секең неткен бақытты еді.
 
Оның драматургия саласындағы соны ізденістері әсіресе, Тәуелсіздік жылдарында алмас қырындай сәулелі шашырап, театртанудың қоржынына мол олжа салғаны мамандар тарапынан жоғары бағаланып жүр. Бұл ретте Серіктің ұлт-азаттық көтерілісінің ержүрек күрескері Кейкі Көкембаевтың тағдыры тарихи көркем таңбаланған «Кейкі батыр», Халық ақыны Нұрхан Ахметбековтың ақындық мектебінің қалыптасу, даму тұрғысын, жалпы Торғай өңірінің кеңес кезеңіндегі әлеуметтік-мәдени өмірінің қалтарысты-қағытпалы тұстарын шеберлікпен өрген «Нұрхан» драмалық қойылымдары еліміз театр өнерінің айтулы да шоқтықты белестерінің бірінен саналатыны мойындалып үлгерген.
 
Он жылдан астам Астанадағы С.Сейфуллин мұражайын басқарған Серіктің елімізден тысқары жерлердегі өз әріптестерімен тығыз байланыс орнатуының нәтижесінде бұл саланы тың деректермен толықтырып, түбірімен жаңғыртты. Сәкен серіге қатысты мол мұралар табылды. Өзі де тап осы жылдары Ахмет,Сәкен, Мағжан, Міржақып, Мұхтар, Ілияс туралы соны көзқараспен туындылар топтамасын жариялады. Абылай ханның хас батырларының бірі болған Шақшақ Жәнібектің образын ерлік пен елдік мұрат егіздігімен сомдай білді. Жиырмаға жуық жыр жинақтарының авторы соңғы жылдары оқырмандарынан жоғары баға алған «Кейкі батыр», «Махамбет және Жәңгір хан», «Ақан сері – Балқадиша», «Балуан Шолақ – Ғалия», «Ахмет – Іңкәр», т.б. поэмалары арқылы қазақ поэзиясының алтын тұғырынан тиесілі орнын алды. Жырлары жүректерге қонақтады. Халқы Серік ақынын одан әрі әспеттеп, мақтан тұтатын болды. Өйткені ол текті сөз қаруымен бүгінгі Тәуелсіздіктің қалай келгенін, қайтіп сақталып қалатынын, қадір-қасиетін ұғындыра білген көкірегі шежірешіл апайтөс ақындығымен қатар көсемсөздің де майталман жорғасы, драмалық жанрдың дараланған дарабозы. Осындай бесаспаптықпен суарылған ақын ғана Тәуелсіздік, Мәңгілік ел, Махаббат, Туған жер, ұлы Отан, адамдық ар-ождан, имандылық бойтұмары, ұлтжандылық ұлағат тұрғысындағы тақырыптарын талантының талбесігінде тебірене тербете алары хақ. Соның куәсі болудың өзі, оқырмандар үшін де зор мәртебе.
 
Серік ақын қазақ әдебиетінің қалтарыста қалған інжу-маржандарын жинап бастыруда да қағілездік пен жанашырлық таныта білетін ізденгіш тұлға. Соның бір мысалын тұздықтайық. Зар-нала заман тұсында торғайлық ақын Әбіқай Нұртазаұлының «Тас мешін» қасірет-нама дастанын Қайнекей Жармағамбетов сол өңір жыршысы Назарбек Бектемісұлына аманаттап кетеді. Бірақ оны жарыққа шығарудың себепті-себепсіз кілтипандары көп болады да шаңға көміліп қала береді. Міне, осы тұста Серіктің ұлттық қазынаға деген жанкештілігінің арқасында алапат жұттың көрінісін сипаттайтын «Тас мешін» дастаны «Қазақ әдебиеті» газеті арқылы оқырмандарына жол тартқан екен. Сондай-ақ оның Міржақып мүрдесінің туған жеріне қайта жерленуіне де қосқан үлесі мен көмегі, рухани қолдауы айтарлықтай еді. Міржақыптың қызы Гүлнәр апамызды қолтықтап тұрып, Карелиядан табытпен оралған көлік ішінен алыс жолдың азабын тартқан біздер түсе бергенімізде: «Сүйретіп әзер сүйегін, Келдің бе қайтып, киелім. Аңырап тұрмын алдыңда, Ағытып шердің тиегін»,– деп Серік ақын күңіреніп қоя бергенде, құйқамыз шымырлағандай болғанбыз.
 
«Серік сері қайда істейді, осы?» деп жоқ жерден дауыласып, керілдесе кететін жанкүйер-тілектестері де жетіп артылады. Бірі зейнетте екенін айтса, екінішісі телерадио журналисі деп дес бермейді. Және де ол бұл дәйектемесін Серіктің үнемі телехабарлардағы өзекті ой-пікір талқысына қатысқанда пікір- байламының оқшаулығымен дараланып, радиодадан да сарабдал әңгімелерінің тиегін ағытып жататынымен дәлелдеп бағады. Келесісі: «Серік сері ақын боп жұмыс істейді ғой!»- деп оның жауһар жырларын жатқа соға жөнеледі. «Ақын боп кеңседе тапжылмай жұмыс жасамаса, осындай өлеңдер жазылушы ма еді?!»- деп шын пейілімен ақтарылады. Күлкілі ме? Жоқ! Ақынды мойындаудың таза иланысы! Ақынды өзіндік іш тартып, жақын қабылдаудың мөлдір көрінісі! Ақынға ақыннан бетер жаны ашудың жарқын мысалы. Ақыны жырымен әлдилесе, оқырманы қарыздар боп қалмай, қанағат, тәубесін ыстық сезімімен аялап жатқаны ғой.
 
Оның шығармашылық еңбегі лайықты бағаланған: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Республикалық Махамбет сыйлығының және халықаралық Түрік поэзиясы сыйлығының иегері. «Парасат» орденімен марапатталған.
 
… Біртуар батыр Тоқтар Әубәкіровтің таңғажайып ерлікке толы өмір жолы тамаша жырланған «Ғарыш-қазақ» поэмасы Серік Тұғынбекұлына, тіпті қазақ поэзиясына зор абырой-бедел сыйлады. Кітаптың тұсаукесерінде Тоқтар толқып тұрып:
 
– Серіктей ақындарды ғарышқа алып ұшса, жұмыр жер үсті бүгінгі алауыздық зардабынан құтылып, оны мекендеген күллі адамзат махаббатпен мейірлене түсер еді-ау!- депті әзіл араластырып.
 
… Тоқтар, Серік және «Ғарыш-қазақ» қалампыр гүлдерге оранды.
 
… Жеті жылдың бедерінде денсаулығы сыр беріп, жүріп-тұруы қиындаған Серік ақынды жары Жанна баладай мәпелеп күтіп, алғы күндердің үміті мен сеніміне бекемдей арқаландырып, сұлу сезімін кір шалдырмай, міне, сексен жастың сеңгіріне көтерілуіне себесін болған екен. Сұлулыққа суарылған іңкәрлік сезімі ақын Серікті өмір ғажаптарына малындыра түсуде!
 

Қайсар ӘЛІМ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
QOSTANAI TAŃY
ПІКІРЛЕР (0)
ЖІБЕРУ
МӘДЕНИЕТ ҮЙЛЕРІНІҢ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
Бөлімге өту >>
02.03.2026
Қостанай қ. мәдениет үйі
2 наурыз күні сағат 18:30-да «Мирас» мәдениет сарайында «BigBand» муниципалдық эстрадалық-джаз оркестрінің «Весеннее настроение в джазовых тонах» атты концерті өтті
02.03.2026
Қостанай қ. мәдениет үйі
#REPOST @eduvkvpk - Қостанай жоғары педагогикалық колледжінде 2 наурыз күні 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік іс-шаралар бастау алды
02.03.2026
Қостанай қ. мәдениет үйі
Би мұрасы: халық хореографиясын сақтау және дамыту», «Қазақ биінің қимыл-қозғалыс лексикасы және көркемдік құралдары», «Хореографияда жасанды интеллект: би композициясын құру және сахналау» тақырыптарындағы 5 академиялық сағат көлемінде шеберлік сағаттарына Черкасова Екатерина Юрьевна қатысқанын растайды 
02.03.2026
Қостанай қ. мәдениет үйі
Құрметті Қостанай қаласының тұрғындары мен қонақтары, сіздерді Облыс әкімдігінің алаңында өтетін 22-ші наурыз, сағат 18.00-де Анара Батырхан Наурыз мейрамы концертіне шақырамыз!
02.03.2026
Әулиекөл мәдениет үйі
Әулиекөл аудандық мәдениет үйінде 1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған мерекелік концерті өтті.
01.03.2026
Қостанай қ. мәдениет үйі
1 наурызда сағат 13:00-де «Мирас» қалалық мәдениет сарайында Алғыс айту күніне арналған «Мен алғыс айтамын» атты концерт өтті
28.02.2026
Б. Майлин мәдениет үйі
ЕЛОРДАДАҒЫ ТРИУМФ: БЕЙІМБЕТ МАЙЛИН АУДАНЫНЫҢ БИШІЛЕРІ АСТАНАНЫ ТАҒЫ ДА БАҒЫНДЫРДЫ!
27.02.2026
Қостанай қ. мәдениет үйі
#REPOST @kineu.kz Арманға бастар ақ жол
27.02.2026
Б. Майлин мәдениет үйі
Көктемнің алғашқы мерекесі
26.02.2026
Қостанай қ. мәдениет үйі
✨ Құрметті Зухра Өтепбергенқызы Иманова! ✨ Сізді туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймыз!
25.02.2026
Б. Майлин мәдениет үйі
Қамқорлық пен жылулықтың жарқын үлгісі
25.02.2026
Б. Майлин мәдениет үйі
Шығармашылық еңбегіне берілген жоғары баға
25.02.2026
Б. Майлин мәдениет үйі
Ұрпақтар сабақтастығы – 90 жылдық тарих
25.02.2026
Қостанай қ. мәдениет үйі
«Весеннее настроение в джазовых тонах» атты джаз музыкасының концерті
22.02.2026
Қостанай қ. мәдениет үйі
22 ақпан күні сағат 15:00-де ТРЦ «Kostanay Plaza» сауда ойын сауық орталығында концерттік бағдарлама өтті. Іс-шара жылы әрі мерекелік атмосферада өтіп, қала тұрғындары мен қонақтарын біріктірді
20.02.2026
Денисов мәдениет үйі
2026 жылдың 20 ақпан күні Денисов аудандық Мәдениет үйінде мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нағима Спанқызы Хасановаға арналған салтанатты алғыс пен құрмет кеші өтті. Әріптестері Нағима Спанқызын лайықты демалысқа шығуымен жылы лебізбен құттықтап, оның өңір мәдениетін дамытуға қосқан көпжылдық үлесін атап өтті.
20.02.2026
Әулиекөл мәдениет үйі
«Ақ тілек» әжелер вокалдық ансамблі
19.02.2026
Қостанай қ. мәдениет үйі
19 ақпан күні сағат 17:00-де бірінші қабаттың фойесінде аға буын өкілдеріне арналған ретро-дискотека өтті 💃🕺 Өткен жылдардың сүйікті хиттері шырқалып, кеш би мен шаттыққа, жылы жүздесулерге толы болды.
16.02.2026
Әулиекөл мәдениет үйі
Ауған жерінен Кеңес әскерінің шығарылғанына 37 жыл толуына орай іс-шара аталып өтті.
15.02.2026
Қостанай қ. мәдениет үйі
15 ақпан күні сағат 12:00-де «Ауғанның отты жалыны» атты, Ауғанстаннан әскерлердің шығарылуына арналған концерт өтті
ӨЗГЕ ЖАҢАЛЫҚТАР
МӘДЕНИЕТ ҮЙЛЕРІНІҢ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
#REPOST @kineu.kz Арманға бастар ақ жол
Автор: Қостанай қ. мәдениет үйі
27.02.2026
Көктемнің алғашқы мерекесі
Автор: Б. Майлин мәдениет үйі
27.02.2026
Қамқорлық пен жылулықтың жарқын үлгісі
Автор: Б. Майлин мәдениет үйі
25.02.2026
Шығармашылық еңбегіне берілген жоғары баға
Автор: Б. Майлин мәдениет үйі
25.02.2026
Ұрпақтар сабақтастығы – 90 жылдық тарих
Автор: Б. Майлин мәдениет үйі
25.02.2026
«Ақ тілек» әжелер вокалдық ансамблі
Автор: Әулиекөл мәдениет үйі
20.02.2026
Байланыс ақпараттары:
Қостанай облысы әкімдігі Мәдениет басқармасының «Облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығы» КМҚК
Заңды мекен-жайы:
110000, Қазақстан Республикасы, Қостанай қаласы,
Лермонтов көшесі, 15
Деректемелер:
БСН 990340002744
ЖСК KZ8594807KZT22031664
«Еуразиялық банк» АҚ
БСК EURIKZKA
Байланыс:
+7 (7142) 562-428
+
Сообщение сайта
+
Заказ обратного звонка
ОТПРАВИТЬ
+
Рұқсат
Кіру